«Президенттік жүгіру» шарасын «Ақжайық» футбол клубы қолдады

«Президенттік жүгіру» шарасын «Ақжайық» футбол клубы қолдады

15 шілде 2018, 13:09
«Ақжайық» футбол клубының жетекшілері мен қызметкерлері, жаттықтырушылар штабы мен ойыншылары, сонымен қатар футбол орталықтарының тәрбиеленушілері Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының бастамасын қолдап, Орал қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында «Президенттік жүгіру» шарасын ұйымдастырып, 2,5 шақырымға жүгіріп шықты.

Жексенбі күні орталық саябаққа жүзден астам жиналды. Олар елорданың 20 жылдығына деген ыстық махаббаттарын жеткізіп, еурокубок маусымына қатысып жатқан қазақстандық командаларға қолдау білдірді.  

«Ақжайық» футбол клубы бұқаралық шараны қолдаған үшінші ұжым. Олар бұл эстафетаны «Қайсар» командасынан алған болатын. Спорттық шара бұқаралық жаттығудан басталды. «Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілханов жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, шараның мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, футбол фристайлшысы Айболат Құбашев өз өнерін көрсетті. Кейін шараға қатысушылар саябақтың ішінде 2,5 шақырымға жүгіріп шықты.

Шара соңында Батыс Қазақстан облыстық футбол федерациясының жетекшісі Александр Любимкин елорданы 20 жылдығымен құттықтап, барша қазақстанды клубтарға еурокубок маусымында сәттілік тіледі. «Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілханов «Алға, Қазақстан! Алға, футбол» ұранымен эстафетаны «Ақтөбе» футбол клубына табыс етті.

Бөлісу
Жоғары