Бауыржан Тұрысбек: «Бельгия және Ресеймен өтетін ойын күшімізді сынауға берілген мүмкіндік»

Бауыржан Тұрысбек: «Бельгия және Ресеймен өтетін ойын күшімізді сынауға берілген мүмкіндік»

04 желтоқсан 2018, 12:09
Қазақстан Ұлттық құрамасының шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің жеребесіне қатысты Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің сұрақтарына жауап берді:

- Бауыржан, жеребе қорытындысына қатысты пікіріңіз?

-  Бельгия бастаған біздің топтың қызық екенін атап өткім келеді. Кез келген қарсыласпен ойнауға болады. Әсіресе, өз алаңымызда жеңіске жету керек. Көшбасшылардан ұпай тартып алуға тырысамыз. Сырт алаңда жинақы әрі ақылды ойнаған жөн. Екінші орынға таласуға мүмкіндік бар деп ойлаймын.

- Бельгия құрамасы қарсылас атанған сәтте қандай әсерде болдыңыз?

- Әлемдік рейтингте бірінші орында (ФИФА рейтингі бойынша, 2018 жылдың қарашасы) тұрған командамен ойнау өте қызықты. Бельгия құрамасында шеберлігі жоғары футболшылар көп. Біз үшін бұл ойын үлкен сынақ болмақ. Сонымен қатар, көршілес Ресеймен өтетін ойын да қызық. Олар соңғы Әлем Чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті. Бұл ойындар күшімізді сынауға берілген мүмкіндік деп санаймын.

- Топта бес немесе алты команданың болуы маңызды ма?

- Алты команданың болғаны жақсы. Екі ойынға көп. Яғни, ұпай жинау мүмкіндігі арта түседі.

- Біздің топтың ойын кестесі ыңғайлы ма?

- Алғашқы екі ойынды үйде қабылдаймыз. Сол жағынан ыңғайлы сияқты. Әр матч сайын нәтижеге қол жеткізетін ойынды көрсету міндет. Іріктеу кезеңі қызықты болады деп ойлаймын.

Бөлісу
Жоғары