Виктор Яроменко: «Қазақстандағы футбол алаңдарының мәселесін шешу үшін жүйелік тәсілдеме керек»

Виктор Яроменко: «Қазақстандағы футбол алаңдарының мәселесін шешу үшін жүйелік тәсілдеме керек»

05 желтоқсан, 12:02
Қазақстан футбол федерациясының қараша айында футбол алаңдарына жауапты мамандарға арнайы ұйымдастырған семинарында дәріс оқыған лектор Виктор Яроменко Қазақстан футбол федедерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында отандық агрономдардың оқуын қорытындылады:

- Семинарда қандай тақырыптар қозғалды?

- Семинар үш бөлімнен тұрды. Үш негізгі тараудан тұратын алғашқы бөлімде теориялық талқылау болды. Қатысушыларға футбол алаңдарына жауап беретін мамандардың қызметі мен міндетін түсіндірдік. Екінші бөлім – футбол алаңдарының құрылысы: қалай дұрыс салу, қай кезеңде қандай қателіктердің болатыны және оларға жол бермеу туралы айтылды. Стадионды салу және жөндеу кезеңінде құрылысшыларға кеңес беру қажет. Өйткені, кейін көгалдың жұмысын агрономдарға бақылауға тура келеді. Сонымен қатар, құрылыстың барлық кезеңіне тоқталып, заманауи технологияларды қолдану туралы айтылды. Үшінші бөлім футбол алаңдарын күтуге қатысты ақпараттардан тұрды. Екінші күні толықтай тәжірибеге ауыстық. Қатысушыларға әр стадионда болуы қажет техникалардың негізгі түрімен және оларды пайдалану жолдарымен таныстырдық. Газонды заман талабына сай суару, жылыту және қысқы кезеңде қорғайтын жамылғыларды төсеу жүйелері көрсетілді.

- Қазақстанда футбол алаңдарына қатысты қандай мәселелер бар? Олардың шешімі бар ма?

- Қазақстанда футбол алаңдарының сапасы жақсы деп айтуға келмейді. Табиғи алаңдары бар стадиондарда автоматты суару жүйесі жоқ. Сол себепті алаңның жағдайын дұрыс қадағалау мүмкін емес. Жасанды алаңдардың көбі ескірген. Жасанды алаңдарды бес жылдан артық пайдалнауға болмайды. Әрі қарай сапасы нашарлай береді. Күтім көмектеспейді. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Меніңше, жүйелік тәсілдеме қажет. Футбол стадиондарына талапты кезең-кезеңімен енгізу шарт. Қазіргі таңда технология мен әдістер арқылы кез келген ауа-райында жасыл алаңды жақсы қалыпта ұстап тұруға мүмкнідік бар. Жасанды футбол алаңдары бойынша шектеулі мерзімдер енгізген жөн. Мәселен, пайдалану мерзімі бес жылдан аспауы тиіс.

- Семинарда қатысушылар тарапынан қандай сауалдар жиі қойылды?

- Ең басты сұрақ футбол алаңын күтуге жұмсалатын қаражат. Сұрақтардың басым бөлігі стадионды жаңарту, техниканы сатып алу, суару және жылыту жүйелеріне бөлінетін ақшаға келіп тіреледі. Алайда, осы сұрақтардың барлығы облыс басшылары мен клуб жетекшілеріне бағытталуы керек. Сонымен қатар, әр қатысушыны топырақтың жағдайы мен оны таңдауды, жасанды алаңға қандай ұнтақтарды себу сұрақтары мазалады.

Бөлісу
Жоғары