Дәурен Нұрғожин: Хорватия құрамасының деңгей арта түсті

Дәурен Нұрғожин: Хорватия құрамасының деңгей арта түсті

24 қаңтар 2019, 11:37
Футзалдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Дәурен Нұрғожин Хорватиямен өтетін жолдастық матч қарсаңында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді:

- Дәурен, биылғы чемпионат қалай өтіп жатыр?

- Ел чемпионатының қызған шағы. Алғашқы бестіктің ойындарында бәсекелестік бар. Бір-бірінен ұпай тартып алуға қауқары жетеді. Жақында ғана өткен «Аят» пен «Жетісу» арасындағы ойындар соның дәлелі. Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан талдықорғандық ұжым қос ойында да қарсыластарына есе жіберді. Оның үстіне мүлдем гол соқпады.

- Чемпионаттағы ең тартысты ойын?

- Барлық ойындар оңай емес. Әсіресе, «Ақтөбемен» өткен кездесу есте қалды. Жеңіс маңдай термен келді.

- Алматыда өтетін ұлттық құраманың жолдастық кездесулеріне тоқталсақ. Хорватияға қандай баға бересіз?

- Сербияда өткен 2016 жылғы Еуропа Чемпионатында Хорватия құрамасымен ойнадық. Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес. Қазір күшейе түсті. Үш жыл бұрын жас ойыншылардан құралған еді. Ал, қазіргі таңда құраманың негізгі ойыншылары Италия мен Испания чемпионаттарында ойнайды.

- 2020 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңінде әзірге бір ғана қарсылас белгілі. Ол – Румыния құрамасы. Қарсыласпен сырт алаңда ойнау қаншалықты қиын?

- Румыния құрамасы үйде жақсы ойнайды. Төрт жыл бұрын жолыққанда тәжірибелі құрама еді. Ал, қазір жас ойыншылар келді.

- УЕФА Чемпиондар Лигасының төрттік финалынан не күтесіз?

- Үлкен турнир тағы да Алматыда өтеді. Барша қазақстандықтар үшін қуанышты жаңалық. Ойынды қарауға келетін жанкүйерлердің саны көп болады деп ойлаймын. Табысқа жету үшін турнирге мұқият дайындалу қажет. Оңтүстік астанаға ат басын бұратын үш команданың деңгейі бірдейі. Туған жерде жеңіске жету үшін күресеміз!

Айта кетейік, Қазақстан мен Хорватия құрамалары арасындағы жолдастық матч 1-2 ақпан күндеріне жоспарланған. Алғашқы ойын 1 ақпан күні Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында, екінші кездесу 2 ақпан күні «Бағанашыл» спорт кешеніндегі «Зенит» спорт залында өтеді.

Бөлісу
Жоғары