Григорий Бабаян: «Шотландия құрамасының қапталдары өте мықты»

Григорий Бабаян: «Шотландия құрамасының қапталдары өте мықты»

21 наурыз, 16:44
Елордалық «Астана» футбол клубының жаттықтырушысы Григорий Бабаян Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан құрамасының тобына баға беріп, шотландиялық «Селтикпен» өткен тартысты ойындарды еске түсіре отырып, Шотландия құрамасының мықты тұстарын атап шықты.

Григорий Константинович, 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің басталуына сәл-ақ қалды. Біздің тобымыз туралы не ойлайсыз?

Өте қиын топ. Алайда, біздің құраманың Бельгия, Ресей және Шотландия сынды мықтылармен ойынын қарау қызықты болмақ. Қазақстандық жанкүйерлер үшін де осы ойындарға үлкен қызығушылық артып отыр. Қазақстан құрамасының үйде өтетін ойындарында ең жоғары қолдау болады деп ойлаймын.

- Сарапшылар топтағы бірінші және екінші орындарды Бельгия мен Ресей иеленеді деген пікірді жиі айтады. Осы оймен келісесіз бе? Шотландия құрамасы көшбасшылар бәйгесіне араласа ала ма?

Қарсыластар туралы жекелей айтатын болсақ, Бельгия - қазіргі таңда әлемнің ең үздік құрамаларының бірі. Оның сапында толықтай әлем футболының жұлдыздары жиналған. Соңғы Әлем чемпионатында табысқа жеткен Ресей құрамасы да осал команда емес. Олардың жанкүйерлері жеңіс күтеді. Ұлттар Лигасындағы ойындар көрсеткендей, жоғары деңгейге көтерілу - оны ұстап қалудан оңайырақ. Ресей құрамасы – топтан шығуға ұмтылатын үміткерлердің бірі. Шотландия құрамасының футболшылары Англияның Премьер-Лигасында доп тебеді, сәйкесінше олардың кәсібилігі мен шеберлігі жоғары. Биылғы маусым өте қызықты болмақ.

- «Астана» командасы «Селтикпен» ойнаған жылдары елордалық ұжымның жаттықтырушылар штабында болдыңыз. Сол ойындардан қандай естелік қалды?

Шотландиялық «Селтикпен» екі рет ойнадық. Нәтижеге қарамастан, екі ойын да өте тартысты болған. Глазголық клуб қос қаптал арқылы жылдам шабуылға шығады. Сонымен қатар, шабуылшылары мықты. Дембеле, Синклер, Гриффитс сол позицияларда ойнаған еді. Джеймс Форрест – ұлттық құрама мен «Селтиктің» көшбасшысы. «Астана» оларға қарсы қалай ойнау керек екенін, қалай жеңу керек екенін көрсетті.

Алекс Маклиш командасына қарсы ойында неден сақтану қажет? Сіздің пікіріңізше, Шотландия футболы деген не?

Шотландия мен Албания құрамалары арасындағы ойынды қарай алдым. Сол ойында Шотландия 4:0 есебімен оңай жеңіске жетті. Алекс Маклиш командасының ойын үлгісі «Селтикке» ұқсайды. Қарсыластың қорғанысын қос қаптал арқылы бұзады. Қазақстан құрамасының ойыншылары қос қапталдағы қорғаушылардан қауіптенуі тиіс. Ең басты күші – қапталдағы Форрест, Фрейзер, Робертсон, Гриффитс. Айтпақшы, Албаниямен ойында Джеймс Форрест үш гол соқты.

- Ойынға болжамыңыз қандай? Қазақстан мен Шотландия құрамалары қандай футбол көрсетпек?

Болжам жасауды жақсы көрмеймін. Алайда, Қазақстан құрамасы тәртіптің арқасында жақсы ойын көрсете алады деп сенемін. Шабуылда болатын мүмкіндіктерді мүлт жібермеу қажет. Өткен жылы Қазақстан құрамасының ойыншылары өздерінің әлеуеті зор екенін байқатқан болатын.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары