«Хабар» - BAQ LEAGUE-ның бес дүркін чемпионы

«Хабар» - BAQ LEAGUE-ның бес дүркін чемпионы

23 сәуір, 14:52
Елордалық бұқаралық ақпарат құралдары арасында шағын футболдан ұйымдастырылыған жарыстың бесінші маусымы аяқталды. 

Жарысқа жалпы саны 15 команда қатысып,  «А» және «В» лигаларына бөлінді. «А» лигасында «Хабар», «Қазмедиа А», «Elorda aqparat», «Qazaqstan», «Егемен Қазақстан», «Хабар 24» және «Спорт 59» сынға түсті. «В» лигасында «Қаламгер», «Мазмұндама», «Астана ТВ», «Ел арна», «Qazaq radiolary», «National Geographic Qazaqstan», «ДИАП Qazaqstan» және «Қазмедиа В» командалары ойнады. 

Екі айға созылған қысқы чемпионаттың қорытындысы бойынша «В» лигасында бірінші орынды «Астана ТВ» иеленді. Екінші және үшінші орындарды «Qazaq radiolary» мен «Ел арна» командалары бөлісті. Үшеуі де «А» лигасына жолдама алды. 

«А» лигасында «Хабар» командасына тең келер ешкім болмады. Алайда, жеңімпаз жарыстың соңғы ойын күнінде анықталды. «Хабар» мен «Қазмедиа А» арасындағы ойын 7:5 есебімен аяқталды. Тартысты ойында жеңіске жеткен «Хабар» BAQ LEAGUE-ның бес дүркін чемпионы атанды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Қазақстан футбол федерациясы Президентінің кеңесшісі Сейілда Байшақов қатысты. BAQ league жарысының жазғы чемпионаты маусым айында басталады.

 

Бөлісу
Жоғары