ҚФФ өкілі UEFA GROW семинарына қатысты

ҚФФ өкілі UEFA GROW семинарына қатысты

01 шілде, 09:28
17-18 маусым күндері Тбилисиде Шығыс Еуропа елдерінің футбол федерацияларының өкілдерінің қатысуымен UEFA GROW семинары өтті.

Семинарға Ресей, Украина, Грузия, Молдова, Эстония, Әзірбайжан, Беларусь және Қазақстанның маркетолог мамандары келді. Қазақстан футбол федерациясының атынан тренингке Маркетинг және PR департаментінің директоры Нағи Бақытбеков қатысты. Ал, УЕФА тарапынан шараға ұлттық қауымдастықтардың бизнесті дамыту менеджері Александр Кучерявый қатысты. 

Семинарда ұлттық, әйелдер және жастар құрамалары мен ішкі чемпионаттың ойындарына жанкүйерлерді тарту тақырыптары көтерілді. Ойынға дейін және ойыннан кейін ұйымдастырылатын шаралар мен әлеуметтік желілердегі белсенділік туралы да айтылды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, маркетинг және PR саласындағы жобаларын таныстырды. 

Қазақстан футбол федерациясының өкілі Нағи Бақытбеков бір жыл бұрын жүзеге асырылған «ҚФФ бренд-амбассадоры» жобасын ұсынды. Футболды дамытуда отандық шоу-бизнес жұлдыздарын тарту идеясы оң нәтижесін берді. 

Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар жолдастық матч ойнады. 

Басқосу қорытындысы бойынша Қазақстан футбол федерациясы 2019 жылдың қарашасында UEFA GROW-дың кезекті семинарын Нұр-Сұлтан қаласында өткізуге мүмкіндік алды. 

 

Бөлісу
Жоғары