ҚФФ жетекшілігі UEFA GROW саммитіне қатысты

UEFA GROW саммиті Грузия астанасы Тбилисиде өтті. 

Шараға Грузия, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Эстония, Қазақстан, Латвия, Литва, Молдова, Польша, Румыния, Ресей, Түркия және Украина елдерінің өкілдері жиналды.

Біздің елден Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов, бас хатшы Қаныш Әубәкіров, бұқаралық футбол департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, аймақтарды дамыту департаментінің директоры Ержан Мұсабеков, сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жазғы олимпиадалық спорт түрлері басқармасының бас сарапшысы Айжан Есентаева және ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары Зейнеп Махсутова қатысты. 

Екі күнге созылған жиында Грузия спорт және жастар байланысы министрі Тариель Хечикашвили, Грузия футбол федерациясының президенті Леван Кобиашвили, УЕФА ұлттық құауымдастықтар істерінің директоры Зоран Лакович және бұқаралық футбол бойынша УЕФА елшісі Пер Равн Омдал баяндама жасады. 

Саммит бұқаралық футболды дамыту мәселесінде футбол федерациясы мен үкімет арасында өзара серіктестікті қалыптастыруға арналған. Бұқаралық және әйелдер футболын таныту мен насихаттау, аймақтар мен клубтарды дамыту, мектептегі футбол сынды бірнеше тақырыптар талқыланды.