Мүмкіндігі шектеулі балалар 7х7 футболын ойнайды

Қазақстанда алғаш рет ерекше жоба басталмақ.

БЦП сырқатына шалдыққан 7-18 жас аралығындағы балалар спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік алады. Жоба Қазақстан футбол федерациясы мен БЦП-мен шалдыққан балалар арасындағы Халықаралық футбол федерациясының (International Federation Cerebral Palsy Football) қолдауымен жүзеге асады.

Қазақстан футболдың осы бағытындағы жаттықтырушылар үшін білім курсын өткізуге IFC PF ұйымынан грант алды. Еліміздің әр өңірінен жиналған жаттықтырушылар халықаралық сарапшылардың  дәрісін тыңдап, ерекше балалармен жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификат алды. Бұл команда жасақтауға мүмкіндік береді. Ал келешекте Қазақстан ұлттық құрамасын құруға болады. БЦП диагнозы бар балалар үшін халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігі зор. Қазақстан футбол федерациясы өз тарапынан ойыншыларды футбол экипировкасы және спорт жабдықтарынмен қамтамасыз етеді. Жаттықтырушылардың жалақысын төлейді. Елімізде футболдың осы түрін дамытуға бар күштерін жұмсамақ.  

«Алматы қаласындағы қимыл-тірек аппараттары сырқаттанған балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының базасында алғашқы төрт команда жасақталды. Дәл осындай командалар алдағы уақытта Өскемен, Көкшетау, Астана және Қарағанды қалалларында ашылады. Бұл үлкен серпіліс, әлеуметтік маңызға ие жоба», - дейді Қазақстан футбол федерациясы Бұқаралық футбол департаментінің бас маманы Шыңғыс Темірханов.

Оның айтуынша, БЦП-мен шалдыққан балалар үшін әлеуметтік оқшауланудан шығуға және әлемнің түкпір-түкпірінен достарын табуға берілетін мүмкіндік. «Бұл тек хоббимен айналысу емес, спорттағы мамандығына ие болу. Келешекте жақсы төреші, білгір бапкер, спорт командаларының менеджері, дәрігер немесе массажист болу үшін БЦП кедергі болмайды», – деп атап өтеді Шыңғыс Темірханов.

БЦП-мен шалдыққан балаларға арналған футболдың ерекшеліктері бар. Әр команда үлкен футболдағыдай он бір ойыншымен емес, жеті ойыншыдан құрылады. Бұл ФИФА ресми таныған әрі мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы құрылған футбол түрі. Ойын ережесі жеңілдетілген: алаң көлемі әлдеқайда кішірейтілген, ойыннан тыс қалу ережесі жоқ, допты ауттан бір қолмен лақтыруға болады. Әр тайм 30 минуттан тұрады. Тайм арасында 15 минут үзіліс бар.

«Қазақстан – осы бағытты дамытуды қолға алған Орталық Азиядағы алғашқы ел», – деп атап өтті IFC PF Бас хатшысы Сэм Тернер (Ұлыбритания). Ол голландиялық әріптесі Марсель Гистманмен бірге қазақстандық оқытушыларға бірнеше күн дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті. CP Football халықаралық федерациясы қазіргі уақытта 53 елді біріктіреді. Ерекше жандар арасында 7x7 футбол бойынша әлем чемпионаты жиі ұйымдастырылады. Қазақстан футбол федерациясы жылдың соңына қарай Қазақстан U19 ұлттық құрамасын (19 жасқа дейінгі) жасақтауды жоспарлап отыр.  

«Біздің курстан кейін жаттықтырушылар ойыншыларды дұрыс топтастырып, салмақ түсірмеуді үйренеді.  Басты мақсат - ұлттық құрама құру емес, балаларды спортқа көбірек тарту. Жаттығу арқылы олар өзіне деген, өмірге деген қарым-қатынасы мен өзін-өзі бағалауды өзгертеді. Сол себепті осы жобаға белсенді қатысып жатқан Қазақстан футбол федерациясына алғысымызды айтамыз», - дейді IFC PF Бас хатшысы Сэм Тернер (Ұлыбритания).

Қазақстанда БЦП диагнозы қойылған шамамен 15 000 бала бар.  Команда қатарына қабылдану үшін қатысушы медициналық бақылаудан өтіп,  ата-аналарының рұқсатын алуы тиіс. Ниет білдірушілер Қазақстан футбол федерациясына мына телефон арқылы хабарласа алады: 8 7172 790 780 (ішкі:118) немесе өз қалаларындағы аймақтық футбол федерацияларына хабарласуға болады.

Анықтама:

IF CP Football (International Federation Cerebral Palsy Football) – БЦП сырқатына шалдыққан балалар арасындағы Халықаралық футбол федерациясы. Алғаш рет мұндай халықаралық жарыс 1978 жылы церебральды сал ауруы бойынша Үшінші халықаралық ойындар аясында Эдинбург (Шотландия) қаласында өтті. Дәл осы ойыннан кейін Халықаралық спорттық-рекреациялық қауымдастығы (CPISRA) құрылды, кейін 2015 жылы БЦП сырқатына шалдыққан балалар арасындағы Халықаралық футбол федерациясы болып бөлініп шықты. Ресми сайты - www.ifcpf.com.