Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Босния және Герцеговина құрамасын ұтты

17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы УЕФА Даму Кубогында алғашқы жеңісіне жетті.

Біздің футболшылар жоғары қарқынмен бастады. Қарсыластар өз айып алаңында ойын ережесіе бұзып, бас төреші он бір метр айып добын белгіледі. Нүктеге келген Ұлықбек Қайтмұратов мүлтіксіз орындады. Есеп ашылғаннан кейін Карлош Ферер шәкірттері шабуылды үдете түсті. Алайда, біздің ойыншылар гол соғатын сәттерді пайдалана алмады.

Екінші тайм басталғаннан Босния және Герцеговина футболшылары жиі шабуылдады. Нәтижесінде олар таблодағы көрсеткішті теңестірді.

Ойынның тағдыры соңғы минутта шешілді. Төреші негізгі уақытқа қосымша үш минут қосты. Алғашқы минутта қарсыластың шабуылын қазақстандық қорғаушылар ойын ережесін бұзу арқылы тоқтатуға мәжбүр болды. Біздің қақпашы Евгений Ситдиков төреші белгілеген пенальтиді қайтарып қоймай, өз командасының қарымта шабуылын бастады. Қақпашы допты бірден Бекзат Иманғазиевке жеткізді. Өз кезегінде ол Вячеслав Швыревке пас тастады. Ал, шабуылшы допты қақпаға тура бағыттады. Ойын 2:1 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды.

Қазақстан құрамасы Черногорияда өтіп жатқан УЕФА Даму Кубогындағы үшінші ойынын 29 сәуір күні Әзірбайжан құрамасымен өткізеді. Матч Астана уақытымен 15:00-де басталады.

Қазақстан құрамасы мынадай құрамда алаңға шықты: Евгений Ситдиков, Жалғас Жақсылықов, Әділжан Дүйсембаев, Асылбек Нұрсейіт, Алтынбек Нағашыбаев, Илья Демин, Ұлықбек Қайтмұратов, Руслан Жарлаев, Рауан Аманжол, Вячеслав Швырев, Жавлонбек Бабаназаров.