Алексей Щеткин: Жанкүйерлердің қолдауына сенім артамыз

Қазақстан - Дания кездесуі 10 маусым күні Алматыда өтеді.

Қазақстан құрамасы мен қостанайлық «Тобыл» командасының шабуылшысы Алексей Щеткин 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы кездесуден не күтетіні туралы әңгімелеп берді:

- Алексей, көктем басталғанда аздаған уақыт үзілістен кейін ұлттық құрамаға қайта оралдыңыз. Бас бапкер Бородюк тізімінде өзіңізді көрген кезде қандай күйде болдыңыз?

- Мен үшін үлкен құрмет. Қазақ жерінде туған әр футболшы ұлттық құрамада ойнауды армандайды. Әрқайсысы жасыл алаңға ұлттық құраманың жейдесімен шығуды қалайды. Футболшылар ұлттық құрамаға шақырған кезде үлкен құлшыныспен келеді. Қоғам қанша сынға алғанымен, құрамаға селсоқ қарайтын ойыншы жоқ екені шындық.

- Ұлттық құрама сапында ойнаған кездесулердің ішінде қай матч есіңізде жақсы сақталды?

- Соңғы іріктеу кезеңінде сырт алаңда Латвиямен өткізген кездесуден жақсы әсер алдым. Жеңіске жеткен кездер аз болғанымен, осы ойынды айтып өткім келеді. Осындай жеңістер көп болу үшін бар күшімізді саламыз.

- Дания құрамасының құрамымен танысып шыққан шығарсыз?

- Қазіргі таңда Дания құрамасында талантты ойыншылар көп. Олардың басым бөлігі Еуропаның жетекші чемпионаттарында ойнайды. Талғардағы ұлттық құраманың базасына жиналған кезде қарсыластың ойынын мұқият талдаймыз.  

- Дания құрамасының сапында Алматыға ағылшын премьер-лигасындағы көшбасшы ойыншылардың бірі Кристиан Эриксен келеді. Ол ойыншыны жасыл алаңда қалай тоқтатамыз?  

- Ойын тәртібін сақтау арқылы қол жеткізуге болады. Ең алдымен оның жасыл алаңда емін-еркін қимылдауына жол бермеу. Эриксен сынды техникалық шеберлігі жоғары ойыншылар көп емес. Одан бөлек Дания құрамасында басқа да жақсы ойыншылар бар екенін ұмытпаған жөн.

- Өткен жылдың күзінде жеңіске жеткен команданың жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары екені жасырын емес.

- Жеңіске деген сенім болу керек. Ойын тәртібін сақтап, командалық ойын арқылы Данияны ұтуға болады. Польша және Румыниямен өткен ойында барлық мүмкіндік болды. Нәтижесін барлығы біледі. 10 маусым күні Алматының Орталық стадионын толтыратын жанкүйерлердің қолдауына сенеміз. Алматының жанкүйерлері ұлттық құраманы қызу қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, барлықтарыңызды стадионға шақырамын.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы матч 10 маусым күні Алматы қаласындағы Орталық стадионда өтеді. Матч жергілікті уақытпен 22:00-де басталады.

Vesti.kz