Давид Лория: Даниямен өткен ойыннан кейін барша жанкүйер ұлттық құраманы мақтан тұтқанын қалаймын

Қазақстан - Дания матчы 10 маусым күні Алматыда өтеді.

10 маусым күні Алматыда өтетін Қазақстан мен Дания құрамаларының арасындағңы маңызды ойын қарсаңында Caravan.kz  медиа-порталына сұхбат берген Қазақстан құрамасының қақпашысы Давид Лория 12 жыл бұрын өткен кездесуді еске түсіреді және Каспер Шмейхельді қазіргі таңда Еуропадағы ең үздік қақпашылардың бірі санайтыны туралы айтып берді:

- 12 жыл бұрын Қазақстан мен Дания құрамалары Алматыда кездесті. Сергей Тимофеев жаттықтыратын біздің команда қонақтарға 1:2 есебімен жол берді. Сол ойын есте қалды ма?

- 2016 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі соңғы ойын еді. Грузиямен өткен ойында мен алаңға шығып, Даниямен болған кездесуде қақпаны Юрий Новиков (қазіргі уақытта ұлттық құрамада қақпашылардың жаттықтырушысы) қорғаған болатын. Юрий Алексеевич бірнеше сәтте қақпаны голдан құтқарып қалды. Қорғаушы Александр Кучма шабуылға араласып, есеп айырмасын қысқартты. Сергей Лариннің гол салатын жақсы мүмкіндігі болды. Ойында жанкүйерлер көп болды. Сырт алаңда Грузиямен тең ойнағаннан кейін өз алаңымызда жанкүйерлерге қуаныш сыйлағымыз келді. Алайда, кей жерде тәжірибе жетіспеді.

- Данияның сол уақыттағы құрамы мен қазіргі құрамын салыстыра аласыз ба?

- Көп жыл өткеннен кейін салыстыру қиын. Дания құрамасында әрқашан еуропалық деңгейдегі футболшылар болды. Құрамындағы барлық ойыншылар Еуропада ойнайды. Оның ішінде үздік чемпионаттың өкілдері бар. Дания құрамасы Әлем немесе Еуропа чемпионатының әр іріктеу кезеңінде финалдық кезеңінің жолдамасына таласты. Оларды ірі турнирлерде жиі көреміз.

- Дания құрамасының қақпасын ағылшынның «Лестер» клубында ойнайтын Каспер Шмейхель қорғайды. Оны Еуропаның үздік қақпашыларының бірі деп санайды...

- Ол соңғы екі маусымды өте жоғары деңгейде өткізді. Былтыр Каспер Шмейхель өз командасына Англия Премьер-Лигасында жеңіске жетуге көмектесті. Ал, биыл Чемпиондар Лигасында тамаша ойнады. Қақпашы туралы жақсы пікірлер жиі айтылып жүр.

- Ол әкесі Петер Шмейхельден асып түсуі мүмкін бе? «Манчестер Юнайтед» командасының аты аңызға айналған қақпашысы 1992 жылы Еуропа Чемпионы атанды.

- Шмейхельдің үлкені - мен үшін жиырмасыншы ғасырдағы ең үздік қақпашылардың бірі. Дәл қазіргі уақытта бұл сұраққа жауап беру қиын. Каспер үшін барлығы алда деп ойлаймын.

- Ойын Алматының Орталық стадионындағы алаңда өтеді. Бұл алаңда біздің құрама бірнеше тарихи матчты өткізді. Сергей Тимофеев және Арна Пайперс бастаған құраманың сол ойындарына сіз де қатысқан едіңіз. Оның ішінде қай ойынды атап көрсетуге болады?

- Тарихи ойындар көп болды. Жанкүйерлер үшін Сербиямен өткен ойын ерекше екені түсінікті.  Бельгиямен өткен ойында екі доп айырмасымен ұтылып жатып, таразы басын теңестірдік. Украинамен болған кездесуді де естен шығаруға болмайды. Бұл ойын Қазақстан үшін УЕФА аясындағы алғашқы матч болды. Еуропа чемпионы Грекия құрамасымен өткен кездесуді ешқашан ұмытпаймын. Сол ойыннан кейін толық стадион орнынан тұрып, бізді шығарып салды. Әрине, барлығы есімізде. Ұлттық құрама Алматыда әсерлі ойнайды. Алдағы ойында жанкүйерлерді қуантамыз деп үміттенемін.

- Сіз үшін Орталық стадион несімен қымбат? Бұл аренаға шыққанда қандай әсерде боласыз? Өйткені,  «Қайрат» сапында ойнаған кездеріңіз де болды.

- Тек қана жақсы әсерлерді сезінемін. Бұл стадионның өз ерекшелегі бар. Бұл алаңда қазақ футболының жұлдыздары - атақты «қайраттықтар» ойнады. Көптеген жанкүйер кеңес дәуіріндегі аты аңызға айналған футболшылар мен әлем футболы жұлдыздарының Орталық стадионда өткізген ойындарын жақсы біледі. Алматы стадионының тарихы терең.

- Самат Смақов құрамадан кеткеннен кейін, көп матч өткізген, ең тәжірибелі ойыншы саналасыз.  Даниямен өтетін ойын алдында жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?

- Трибунада толық стадионды көріп, жанкүйерлердің қызу қолдауын сезгіміз келеді. Жанкүйерлер қолдауынсыз табысқа жету қиын екені түсінікті. Даниямен өткен ойыннан кейін барша жанкүйер ұлттық құраманы мақтан тұтқанын қалаймын.

Caravan.kz