Александр Кучма: «Даниямен өтетін ойында жанкүйерлер қолдауына кәміл сенемін»

Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы матч 10 маусым күні Алматы қаласының Орталық стадионында жергілікті уақытпен 22:00-де басталады.

Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Александр Кучма (сол жақта) «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында 2005 жылы Даниямен өткен ойынды (1:2) еске түсіріп, оқырмандармен ой бөлісті.  Сол ойында гол соққан футболшы 10 маусым күні өтетін алдағы кездесуге де тоқталып өтті.

- 2005 жылы өткен ойында Дания қақпасына гол соққаным есімде қалды. Сонымен қатар, менің қателігімнен кейін Дания салған голды да ұмытқан жоқпын, - дейді Александр Кучма. - Орталық алаңнан шабуыл шебіне шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Қақпашымен бетпе-бет шыққаннан кейін қақпаға соққы бағыттаудан басқа ешқандай ой болған жоқ. Сол ойында стадионға жанкүйерлер  толық жиналды. Менің гол соғуыма себеп болған жанкүйерлер деп санаймын. Сол жылдары мен Польша чемпионатында ойнап жүрген едім. Ұлттық құрама сапында гол соғу өте қымбат екенін ұғындым.

- Орталық қорғаушының шабуылға араласқаны қалай болды?

- Дат футболшысының алдын орап, Данияр Кенжехановпен пас алмастым. Әрі қарай шабуылды жалғастырып, алға жүгірдім. Сол сәтте қатты гол соққым келген шығар. Жанкүйерлердің қолдауымен қалай алға ұмтылғаныңды байқамай қаласың. Шабуылшы міндетін атқарғанымды ойлаған да жоқпын.

- Сол жылы Дания ірі турнирлерге қатысты. Сізге қарсы ойнаған құрама қандай ерекшелігімен ете қалды?

- Өз уақытында Дания құрамасында көптеген жұлдызды футболшылар болды. Оның ішінде «Милан» шабуылшысы Йон-Даль Томассон бар. Кейінірек Криштиану Роналдуы бар Португалия құрамасы, Бэкхем бастаған Англия құрамасы және Германия футболшылары Қазақстанға келді. Ал, Дания құрамасы сол уақытта ең мықты ұжымдардың бірі саналды. Өз алаңымызда өткен ойында команда жанкештілік танытты. Жанкүйерлер оны бағалады.

- 10 маусым күні Алматыда өтетін Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы ойыннан не күтесіз?

- Ұлттық құраманың жейдесін киген футболшылар жақсы ойын көрсетіп, оң нәтижеге қол жеткізеді деп сенеміз. Алматының ұлттық құрама ойындарын сағынып қалғаны анық. Жанкүйерлер де тағатсыздана күтеді. Қазақстан футбол федерациясы Даниямен өтетін ойынды оңтүстік астанада өткізуді ұйғарыпты. Дұрыс шешім. Жанкүйерлер біздің құраманы қолдайтынына кәміл сенемін!

Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы матч 10 маусым күні Алматы Орталық стадионында жергілікті уақытпен 22:00-де басталады.

Билеттер www.ticketon.kz, www.zakazbiletov.kz www.kff.kz сайттарында және Орталық стадионның кассасында сатылады.