Юрий Новиков: Қазақстан құрамасы  жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін бар күшін салады

10 маусым күні Алматының Орталық стадионында Қазақстан мен Дания құрамаларының арасындағы кездесу өтеді.  

Отандық футбол тарихындағы ең үздік қақпашылардың бірі, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы, қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына кіретін Юрий Новиков футболдан 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания матчы қарсаңында он екі жыл бұрын өткен ойынды есіне түсірді, деп жазады Zakon.kz порталы.

- Қазақстан құрамасы алғаш рет Даниямен ресми ойында 2005 жылы кездесті. Копенгагенде өткен кездесуде біздің құрама 0:3 есебімен жеңіліп қалды...

- УЕФА аясындағы алғашқы іріктеу кезеңінде өткен Даниямен кездесу есімде жақсы сақталып қалды. Қазақ футболының Еуропаға алғаш қадам жасаған жылдары болды. Мыңдаған жанкүйер жиналған стадионда ойнау қиынға соқты. Қазақстан құрамасы Еуропа іріктеу кезеңіне алғаш рет қатысқанымен, ойынды көруге келген жанкүйерлердің қарасы көп болды. Сол жылы Дания құрамасында шабуылшы Йон-Даль Томассон, жартылай қорғаушылар Кристиан Поульсен мен Йеспер Гронкьяер жасындай жарқылдады. Жаттығуда кезінде бұрыштама добында екі шабуылшыға қарсы қорғанысты дайындадық. Ойын басталғаннан олар айып алаңына үш шабуылшыны жіберді. Сол себептен төрт қорғаушымызға төмен ойнауға тура келді. Дания құрамасының қақпашысы Томас Соренсен жоғарыдан келген доптарды қағып алып, жылдам шабуылды бастап отырды.

- Қазақстан құрамасы сол ойында үш голдың екеуін стандарттан кейін қақпасына жіберді...

- Данияның шабуылында сұңғақ бойлы шабуылшылар ойнады. Оларды айып алаңында ұстау қиынға түсті. Сол ойында жеңілгенмен, қарсыластың жүйкесін де жұқарттық. Ойыннан кейін Томас Соренсенмен жейделерімізді алмастырдық. Бойы екі метрге жететін бойшаң қақпашы еді. Сол жейдені Даниямен өткен ойыннан естелік ретінде сақтап қойдым.

- Сол жылдары Дания ұжымы Еуропа футболында қаһарлы құрама болды ма?

- Оларда жақсы ойыншылар көп болды. Басым бөлігі үздік чемпионатта ойнайтын. Алайда, өз алаңымызда лайықты қарсылық көрсетіп, 1:2 есебімен есе жібердік. Сол ойында Александр Кучма гол соққан еді.

- 10 маусым  күні Қазақстан құрамасы Алматыда Данияны қабылдайды. Алдағы ойын туралы не айтасыз?

- Мен үшін Қазақстан құрамасының Даниямен қайтадан Алматыда ойнауы маңызды саналады. Ұлттық құрама ұзақ уақыттан бері Оңтүстік астанада ойнаған жоқ. Сол себептен жанкүйерлердің Орталық стадионға көп жиналғанын қалаймын. Стадионнан сол жылдардағы футбол мерекесін көргім келеді. Ал, біздің команда жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін бар күшін салады.

Zakon.kz