Александр Бородюк: «Жеңіс үшін алаңға шығамыз»

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк матч алдындағы баспасөз мәслихатында 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінде Даниямен өтетін ойында шәкірттерінің жеңіс үшін жасыл алаңға шығатынын атап өтті:

- Команда жақсы дайындалды. Футболшылар жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін бар күшін салады.

- Ойынға қандай тактикамен шығуды жоспарлап отырсыз?

- Біз жаңа ойын жүйесімен ойнаймыз. Әзірге барлық құпияны ашпаймын. Алайда, тактикалық жоспар сәл басқаша болады. Қандай жүйе екені ол әзірге маңызды емес. Өйткені, кез келген жүйе ойын кезінде өзгереді.  Төрт қорғаушымен ойнасаң, қапталдағы қорғаушылар шабуылға араласқан кезде үш орталық қорғаушы қалады. Ойыншылардың алаңда дұрыс орналасқаны маңызды. Қарсыласты жеңу үшін әр футболшының жеке шеберлігі де қажет.

- Қазақстан құрамасында қорғаныстың орта тұсына қатысты сұрақтар көп. Бұл мәселені болашақта қалай шешесіз? Жастардың біреуін ойнатасыз ба?

- Осы үшін жиынға бес бірдей жас футболшыны шақырдық. Жас футболшылардың өз клубтарында қалай ойнайтынын үнемі қадағалап отырамыз. Қазақстанда орталық қорғаушылар жетіспейтіні бар. Мен үшін оң немесе сол қапталда ойнайтын басқа ойыншыларды ойнату өте маңызды. Кез келген бапкер әртүрлі позицияда ойнайтын әмбебап футболшылардың  командада болғанын қалайды. Қазір селекциялық жұмыс жүргізу қажет. Мен Қазақстанда талантты балалардың бар екенін күмән келтірмеймін. Олар 18 жасынан бастап өз клубтарында ойнауы тиіс. Сол кезде футбол дамиды. Ал, Қазақстан құрамасындағы жас футболшыларға келсек, оларға сенуге болады.