Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңінде Данияға есе жіберді

10 маусым күні Алматыда футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Дания құрамасын қабылдады.

Ойынға дейін Қазақстан ұлттыққ құрамасының бас бапкері шәкірттерінің Алматы стадионының алаңына жанкүйерлерді қуанту үшін шығатынын мәлімдеген еді. Біздің футболшылардың ойынға дайын екенін алғашқы минуттан бастап байқалды. Ойыншылар допқа жиі иелік етіп, қонақтардың қақпашысының тыныштығын бірнеше рет бұзды.

Алайда, алғашқы қауіпті сәтті қонақтар жасады. Қорғаушы Юрий Логвиненко орталық алаңға пас беруде қателесті. Дания футболшылары ашық алаңға жылдам шықты. Стрюгер-Ларсен қапталмен өтіп, Николай Йоргенсенге пас тастады. Жергілікті жанкүйерлердің қуанышына орай, голландиялық «Фейеноорд» командасының шабуылшысының соққысы қақпадан қисық кетті.

Қазақстан сапынан Азат Нұрғалиевтың тепкен добы қақпадан биік кетті. Кейін Георгий Жуковке дәлдік жетіспеді.

Қазақстан құрамасы алаңның әр бөлігінде басымдық танытты. Алайда, бұл ешқандай нәтиже әкелмеді. Ал, Дания құрамасы сирек шабуылдағанымен, есеп ашатын мүмкіндікті мүлт жібермеді. Қорғаушы Елдос Ахметов өз айып алаңынан допты дұрыс шығара алмады. Осы сәтті пайдаланған Николай Йоргенсен бұл жолы қақпаға допты тура бағыттады - 0:1.

Серікжан Мужиковтің таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндігі болды. Алайда, оның тепкен добы кезекті рет қақпадан биік ұшты. Қазақстан құрамасы қарсыластың қақпасына қысымды арттыра түсті. Дмитрий Шомко көтерген пастан кейін Елдос Ахметов баспен ұрды. Доп тағы да қақпаға дарымады.

Бірінші таймның аяқталуына сәл уақыт қалғанда Қазақстан құрамасы жасыл алаңда он ойыншымен қалды. Матчтың бас төрешісі Қазақстан құрамасының капитаны Бауыржан Исламханға қарсыласын шынтақпен ұрғаны үшін қызыл қағаз көрсетті.

Екінші таймның басында Николай Йоргенсен есепті еселей жаздады. Алайда, соңғы сәтте қақпашы Давид Лория сенімді ойнады. Кейін Дания футболшылары екінші голын соқты. Юрий Логвиненко өз алаңында Юссуф Поульсенге қарсы ойын ережесін бұзды. Төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиге келген Кристиан Эриксен мүлт кетпеді. Есеп - 0:2.

Кездесудің 58-минутында Дания құрамасында үшінші голын соғатын мүмкіндік болды. Екі бірдей ойыншы қақпашымен бетпе-бет шықты. Алайда, Лория қырағылық танытып, қақпасын голдан құтқарып қалды.

Кейін Қазақстан құрамасы маңызды голды соқты. Қақпашымен бірге-бір шыққан Исламбек Қуат есеп айырмасын қысқартты. Алайда, бірнеше минуттан кейін Дания футболшылары тағы да гол соқты. Қонақтардың шабуылын Каспер Дольберг түйіндеді.

Матчтың соңында Серікжан Мужиков алыстан соққы бағыттаған еді. Алайда, доп қақпадан әлдеқайда биік кетті. Нәтижесінде 3:1 есебімен жеңіске жеткен Дания құрамасы Әлем Чемпионатының жолдамасы үшін таласты жалғастыруға мүмкіндік алды.