Ұлттық құрама ұлттық намысты ту етуге тиіс

Келесі жылы Ресейде өтетін 2018 жылғы футболдан әлем чемпионаты күн өткен сайын жақындап келеді. Конфедерациялар кубогының біткені кеше.

Әлем чемпионаты Қазақстанға тым жақын тұр.  Өкінішке қарай, Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік доп додасына бара алмайды. Десек те, әдеттегідей командамыздың жүрген-тұрғанын қалт жібермей қарап отыратынымыз жасырын емес. Жеңілсе де өзекке тебе алмаймыз. Өзіңдікі ғой, өз қолыңды өзің қалай кесесің?! Алыстағы алтыннан, жақындағы бақыр артық.

Солтүстіктегі көршіміздің жерінде өткен Конфедерациялар кубогы біраз ой салғаны анық. Шіркін дейсің, орыс жерінде ойқастаған немістің жастарына қарап. Еркебұлан Сейдахмет, Айдос Оралдар біраз жылдан кейін Штиндль, Горецкалар сияқты құрамасын өрге сүйреп жүрсе деп армандайсың. Турнир бойы Чилидің намысты ұлдарын көріп тамсандық. Бізде де бар ғой ондай өрендер. Техникасы кемшін түсетін шығар, алайда мінез бен жанкештілік жағынан Исламбек Қуат сияқты жігіттерге қол соғып-ақ жүрміз. Жә, бұқаға туған күн бұзауға да туар. Көзін тапса, бізде де тасты жарып ағар бұлақ көп қой. Оның бәрі уақыттың еншісінде.

Енді бас команда туралы азды-көпті сөз қозғайық. Көздегеніміз де сол емес пе еді?.. Жыл соңына дейінгі міндет, қалған ойындарды абыроймен өткізу. Екі матчты қонақта, қалған екі ойынды өз алаңымызда ойнаймыз. Алдымен кестедегі қалған ойындарға көз жүгіртіп көрелік.

1 қыркүйек

Қазақстан — Монтенегро
Дания — Польша
Румыния — Армения

4 қыркүйек

Армения — Дания
Монтенегро — Румыния
Польша — Қазақстан

5 қазан

Армения — Польша
Монтенегро — Дания
Румыния — Қазақстан

8 қазан

Дания — Румыния
Қазақстан — Армения
Польша — Монтенегро.

Шамамен екі айдан кейін Астанаға қаратаулықтар келеді. Қаратау дегеннен шығады, өткен жылдың күзінде Қазақстанның футбол федерациясы бар шығынды мойнына алып, бір топ журналисті Қаратауға алып барған. Монтенегро мемлекеті ғой енді, орыстар Черногория дейді, өздері Чрна Гора деп атайды. Бізге жақыны – Қаратау.  Сол сапарда көп нәрсені түсіндік, қарапайым жанкүйерге беймағлұм жайттарға куә болдық. Ұшақтан шаршап түскен құраманың сол күні нөсер жауын астында жаттыққанын көрдік. Жергілікті ауа-райына үйренісудің қиындығын көрдік. Подгорицада жергілікті жанкүйерлер мәдениетінің мысы басқанын көрдік.

Егемендік алғанына көп бола қоймаған мемлекет десек те, Монтенегро бұрынғы Югославия мемлекетінің құрамында болған кезде футбол таланттарынан кенде болмаған. Өткенді қазбаламай-ақ қояйық. Аталмыш матчта Томашевич, Вукчевич, Савич, Бечирай, Йоветичтер Қазақстанда өші бардай ойнады. Әсіресе, «Астана» футбол клубында креативті ойынымен талайды таңдандырып кеткен Дамир Кояшевичтің өнеріне сүйсіндік. Қасымдағы әріптесіме Кояшевичтің қауіпті ойыншы екенін айтып ауыз жиғанымша, Дамирдің ұйымдастыруымен болған шабуылды Томашевич голмен түйіндеген еді. Артынша бір гол соғылды. Сосын тағы біреу. Есеңгіреп қалдық. Матч соңындағы баспасөз мәслихатына асықтық. Салымыз суға кетті. Ешкімде үн жоқ. Талғат Мәруанұлына қараймыз. Намысты азамат қой. Жан-тәнімен уайымдап отырғаны көрініп тұрды. Ақталмады да. Кінәні өзінен іздеді. Біз бар проблеманы жоғарыда жазған себептерден көрдік. Анығында, алты жарым сағат ұшып барып, малмандай су күйіңде жаттығу жасау нендей ауыр! Еңсені басқан ауа-райының әсері оңайға соқпағаны анық.

Сол ойындағы статистикалық мәліметтерді тізбелей кетейікші. Соққылар саны — 14-9, оның қақпаға дәл бағытталғаны – 8-0. Қиыс кеткені — 6-8. Өзге жерде гол соғып жүрген жерлестерімізге не болды? Доп тебе алмағаннан емес қой. Демек, себеп өзгеде болғаны. Жігіттер қатты қобалжып, аптығын баса алмады ма, ол жағы бізге белгісіз. Бұрыштама добын көтеру жағынан Қаратау жігіттері аса басымдыққа ие бола қойған жоқ. Олар екі рет тепсе, біз бір рет көтеріппіз. Ойыннан тыс қалу жағы да пәлендей алшақ дей алмаймыз. Допқа иелік ету — 49%-51%. Допты дәл беру жөнінен де қалыса қоймаппыз, 89%-86%. Допты тартып алу – 35-33. Қызыққа қараңыз, ойынның қай элементінде кемшін түстік? Екі сары қағазды артықтау алыппыз. Ойын тәртібін бұзу жөнінен қарсылас басым, 16-13.

Мұның бәрін неге тізбелеп отырмыз? Статистика екі құраманың тең дәрежеде ойнағанын көрсетіп тұр.Ұлттық құрамамыз Монтенегродан еш кем емес. Сол жеңілістің кездейсоқ болғанын дәлелдейтін тамаша сәт туып тұр. Намысты жігіттер бізде де жетерлік. Қуат қуаттанса, Ахметовтар адуындылық танытып, Сүйімбаев сүйсіндірсе «Астана Аренада» кімге де болса оңай соқпасы анық. Оны командамыз дәлелдеп жүр. Соңғы төрт ойында кем дегенде 4 ұпай еншілейтін мүмкіндік бар. Қонақта Польша мен Румынияға қарсы ойнау оңай болмас, әрине. Алайда, Монтенегро мен Арменияның апшысын қуыруға жігіттердің шамасы жетеді. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Александр Бородюкке артылар міндет ауыр. Соңғы ойындарда ұпай алмауы заңдылық шығар. Бірақ алдағы ойында бапкер өзінің біліктілігін дәлелдеуі керек. «Тегін адам таз болмайды» деуші еді ғой біздің қазақ. Тұспалдап отырғанымыз, тегін адам Гус Хиддинктің көмекшісі атанып, Еуропаның күміс жүлдегерлерін тәрбиелемейтін шығар.

 

Мадияр Арыстанбаев

www.alzhan.kz