Ер кезегі — үшке дейін. Черногорияны жеңер күн алыс емес

Екі айлық үзілістен соң Қазақстан Ұлттық құрамасы елорда төрінде Черногорияны қабылдайды. Қыркүйектің алғашқы күні қаратаулықтармен жолықса, араға үш күн салып Польшада Левандовски бастаған ұжыммен айқасқа түседі.

Бүгінгі мақала Қазақстан - Черногория ойыны жайлы болмақ. Қос құрама өзара тек екі мәрте кездескен екен. Сонау 2008 жылы Арно Пайперс баптайтын біздің құрама құрылғанына бір жыл толған қаратаулықтарға қонаққа барған. Ал екінші ойын араға 8 жыл салғанда Подгорица қаласындағы Gradski стадионында өтті. Жалпы, Черногория құрамасы біздің елге қыркүйек айында алғаш рет келмек.

Өткен күн тарих

Жоғарыда айтқандай Қазақстан мен Қаратау құрамасы екі кездесу өткізген. Бірі жолдастық матч болса, екіншісі 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу сыны аясында өткен. Қос кездесуде де Черногория құрамасының қақпасы бос қалса, біздің қақпаға 8 бірдей гол кірген.  Үздік сұрмерген – Далович. Ол Давид Лория қорғаған қақпаны екі мәрте дәл көздеді. Черногорияның қақпашысы Божович Қазақстанға қарсы екі кездесуде алаңға шыққан. Қос құрама арасындағы алғашқы кездесуден біздің ұжым сапынан қазіргі таңда тек Давид Лория қалып отыр. Ұпай санын есептесек: Қаратаудың қоржынында 6 ұпай, біздің құрама ұпай ала алмаған.

Алғашқы сынақ

2008 жылдың мамыр айында Подгорица қаласында Черногория мен Қазақстан құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Қос құрама арасындағы алғашқы ойын алаң иелерінің үш доп басымдығымен аяқталды. Алғашқы таймда соғылған үш гол матчтың тағдырын шешті.

Ойынның 15-ші минутында Далович қақпа маңындағы қарбалас сәтті ұтымды пайдаланды. Көзді ашып-жұмғанша Дринчич алыстан жойқын соққы жасап, есепті еселей түсті. Ал бірінші таймның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Далович екінші голын соқты. Осылайша, алғашқы сында қаратаулықтардың бағы мен бабы келісіп, әдемі жеңіске жетті.

Жолдастық кездесу

Черногория – Қазақстан - 3:0 (3:0)

Голдар: Далович, 15 (1:0), Дринчич, 21 (2:0), Далович, 45+2 (3:0)

Черногория: М.Божович (Янушевич, 67), Павичевич, Танасьевич (Огнянович, 70), Йованович (Пурович, 74), Пейович, Дринчич, Бошкович (к) (Пекович, 46), В.Божович (Цверотич, 60), Вукчевич, Богавац, Далович (Вучинич, 77).

Бас бапкер: Зоран Филипович

Қазақстан: Лория, Е.Азовский, Кучма, Жалмағамбетов, Ирисметов, Скорых (Карпович, 76), Әшірбеков (Смақов, 33), Балтиев, Остапенко (Сүймағамбетов, 74), Жұмасқалиев (к), Көкеев (Хохлов, 62).

Бас бапкер: Арно Пайперс

Бас төреші: Аби Тусэн (Люксембург)

27.05.2008. Подгорица, Gradski stadion. 9 000.

 

Подгорицаға оралу

Қос құрама арасындағы екінші кездесу сол Подгорица қаласында, сол Градцки стадионында өтті. Ресей жерінде өтетін әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде Черногория мен Қазақстан бір топқа түскен. Қаратаулықтар Е тобындағы фавориттерінің бірі саналса, біздің құрама Армениямен 5-6 орынды сарапқа салады деп топшылады футбол мамандары.

Бұл жолы 2008 жылғы ойыннан алаңға тек Черногория қақпашысы Божович шыққан. Ал Давид Лория қосалқы құрамда қалды, оның орнына қақпаны Стас Покатилов қорғаған болатын. Алғашқы минуттардан қарсыласын тықпырыққа алған қаратаулықтар 24-ші минутта есепті ашты. Ал екінші таймда Вукчевич, Йоветич, Бечирай және Савич айналдырған 20 минуттың ішінде біздің қақпаға төрт бірдей допты тулатты.

Осылайша, қаратаулықтар кезекті үш ұпайын оңай олжалады.

Черногория – Қазақстан - 5:0 (1:0)

Голдар: Томашевич, 24 (1:0), Н.Вукчевич, 59 (2:0), Йоветич, 64 (3:0), Бечирай, 73 (4:0), Савич, 78 (5:0)

Черногория: Божович, Н.Вукчевич (Николич, 68), Томашевич, Вешович, Йоветич (к), Бечирай (Райчевич, 76), Савич, Кояшевич, Шчекич (Бакич, 83), Симич, Марушич.

Бас бапкер: Любиша Тумбакович (Сербия)

Қазақстан: С.Покатилов, Малый, Кислицын, Қуат (Тағыберген, 76), Мухутдинов, Исламхан (к) (С.Мужиков, 64), А.Нұрғалиев, Шомко, Хижниченко (Мұртазаев, 85), Бейсебеков, Логвиненко.

Бас бапкер: Талғат Байсуфинов

Бас төреші: Роберт Шёргенхофер (Австрия)

8.10.2016. Подгорица, Gradski Stadion.

 

Елордадағы мүмкіндік

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қаратау құрамасы алғаш рет Қазақстанға ат басын бұрады. Біздің құрама түзде тас-талқан болып жеңілсе де, өз алаңында кез келген қарсыласқа тойтарыс бере алады. Оны Польша мен Румынияға қарсы кездесулерде көрген болатынбыз. Левандовски бастаған құраманы састырып, Хижниченко дубль жасаса, румындықтар қақпамыздың кілтін таба алмай кетті. Тек Данияға қауқар көрсете алмадық. Алайда аталмыш кездесу Алматы қаласында өткен. Ал елорда төрінде қоржынымызға екі ұпай салғанымыз бар. Ендігі қарсылас – Черногория...

 

Айбар Рысдаулет

www.prosports.kz