Сұңқар жыры: Жасыл алаңдағы жеке суретшілер

1 қыркүйек күні 2018 жылғы ӘЧ на іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» Монтенегроны қабылдайды.

Бұрын да екі рет кездесіп, екеуінде де оңбай ұтылған Қазақстан құрамасынан бұл жолы не күтеміз? Қарсыласымызды білеміз, күннен күнге құлпырып, алға шығып барады. Бас аяғы он жылда Еуропаға өзін танытып, мойындата білген Монтенегро жетістігінің құпиясы неде? 

Біздің бұл постымыз циклды төрт бөлімнен тұрады. Алғашқысы аз-кем тариx пен монтенегролық мотивация туралы болды. Бүгінгі әңгіме алқызыл жейдеде өнер көрсететін жеке жұлдыздар жөнінде болмақ. 

Стеван Йоветич
Алаңдағы қызметі: шабуылшы, шабуыл ұйымдастырушы. 
Артықшылықтары: физикалық қуат, екінші қабаттағы шеберлік, жойқын соққы. 

Стеван — Монтенегроның xалық батыры, ұлттық құраманың локомотиві. Аса әлеуетті дене күші мен екі аяқтың қатар жұмыс істеуі қарсыластарының бәрінен бір бас жоғары тұруының кепілі. Ал, оған жылдамдық пен дриблинг қосылса ше?!

Стефан Еуропаның топ клубтарында өнер көрсеткен черногориялық алғашқы футболшы. Белградтың Партизанымен Сербич чемпионы атанған он жеті жасар бұйрабас кәрі құрлық скауттарының қаламына тым ерте ілікті. Алдымен Фиорентинада екі жыл өткізген Йойо италиялықтардың көзіне екінші Роберто Баджо боп көрінді. Амбициясы асқақтап тұрған жас жігітке келесі аялдама Англия болды. МанСити жас қаратаулықты өз сапынан көруге ынталы болды және Стеван үшін таласа жеңіп шықты. Десек, Пелллегрини бапкер Йоветичті негізгі құрамға қоса қоймады. Барклэйсте ойнағанымен Чемпиондар Лигасына тапсырыс берерде ұдайы Йоветич ұмыт қалатын. Әрине, бұл Стеванға ұнай қоймады. Ситиде екі маусым өткізді де Интерге, содан кейін испаниялық Севильяға ауысты. 

Ал, Монтенегро жейдесінде өнер көрсету Стеван Йоветич үшін бонус. Шын шеберлікті, талант пен еңбекті қатар қосып ұлт үшін пайдаланар кез. Оның үстіне тек лидерлікті көздейтін Йоветичке дәл осы міндетті сеніп тапсыратын да Монтенегро ұлттық құрамасы. 

Марко Баша
Алаңдағы қызметі: қорғаушы
Артықшылықтары: баспен ойнау, физикалық қуаттылық

Марко Баша бүгінде Францияда доп тебеді. Лилльдің негізгі құрамына қаратаулық азаматтың бекігеніне біраз жыл. Қорғаныс саласының үздігіне құда түсушілер көп, тіпті Башаны қайбір жылы әйгілі Рома ап кете жаздаған. Бірақ, Лилльге де дұрыс қорғаушылар керек екен — Марко Башаға 2019 жылға дейін келісімшарт ұсынып, "әке-көкелеп" жүріп алып қалды. 

Клубтағы жағдайы тым тәуір Баша ұлттық құрамаға келгенде қиын жайға тап болады. Себебі, Башаның туған жері Сербия, ал ата-анасы тәуелсіз Черногорияда тұрады. Марко «маған екі ел де ортақ, мен де екі елге ортақпын» деп көрген, ФИФА «далаға ойна» деді. Сүйтіп жүргенде Сербия құрамасынан алғашқы шақырту келді, бірақ Марко жарақатын айтып бара алмады. Бұл сербиялық соңғы шақырту екен. Ақыры, Башада қаратаулық футболшыларға қосылудан басқа жол қалмады. 2009 жылғы Монтенегро Италия матчына Марко Баша алқызыл жейдемен шықты. 

Қорғаушылығы өз алдына, Марко Баша команданың руxы. Қаратаулық жас футболшылар оны сыйлайды, құрметтейді, тіпті қорқады. Жүгірмесе жүгіртеді, ойнамаса ойнатады, жасыл алаңда жандарын қоймайды. Орталық алаңның ойынын Марко арқылы өрбітетін қаратаулықтар Қазақ құрамасына тап осы шептен шабуылдауы мүмкін. Тағы бір ньюанс: Марко Баша екінші қабаттағы айқастардың ұдайы жеңімпазы. Стандартты жағдайларды өз пайдасына қалдырып, гол соғып кететін кездері көп. Қаратаулық қорғаушыға қазақ қорғаушыларының қауқары жете ме екен?!

Фатос Бесим Бечирай
Алаңдағы қызметі: Шабуылшы
Артықшылықтары: жойқын соққы, оң аяқтың тепкісі

Шыққан тегі мен туған жері үшін біраз қиналған тағы бір футболшы. Бечирай Косовода туған. Черногорияда клубтық карьерасының жарқын жылдарын өткізген оған Загребтің Динамосында, Минскінің Динамосында, Мәскеудің Динамосында тер төгу бұйырыпты. Клубтық өмірі тап-тамаша. Чемпиондар Лигасындағы алғашқы голын Сантьяго Бернебеуде Реалдың қақпасына соғу қай футболшыға да арман, Бечирай сол бақтың иесі. Еуропа лигасында Динамо Минск құрамында доп тепті. Жарқылдап жүрген қаратаулықты 2015 жылы Мәскеу Динамосы өзіне алды. 

Бірақ, Бечирайдың өкінішіне қарай, Косово ФИФАФға да, УЕФАға да мүше болмай қойды. Ал, ұлттық құрама үшін ойнау Фатостың арманы еді. Қаратаулық жастар құрамасында, ересектер құрамасында доп теуіп әбден піскен жігітті Косово кейін байқайды. 

«Мен косоволықпын, дау жоқ. Алайда, менің косоволық екенімді Косово Черногоиядан кейін білді. Олар мені жас кезімде ақ білді, бірақ тек телефон шалумен шектелді. Мен Косово құрамасында ойнағым келді, бірақ маған ондай мүмкіндікті Монтенегро ұсынды. Мен бас тартпадым» дейді Бечирай. Бүгінде Бечирай ұлттыұ құрама сапында ең көп өнер көрсеткен қаратаулықтың бірі. Ұлттық құрамаға шақырылмаған кезі жоқ шабуылшы Астанаға да келеді. Қазақ қорғаушыларына қауіп төндіретін ойыншының бірі дәл осы Бечирай болмақ. 

Стефан Савич
Алаңдағы қызметі: орталық қорғаушы
Артықшылықтары: жастық және аса бай тәжірибе, шапшаңдық, дриблинг

Черногория құрамасы туралы сөз қозғалса соқпай кетуге болмайтын есім — Савич. МанСити, Фиорентина секілді мықтыларда жарқырап келіп, Атлетико Мадридтің негізгі құрамынан ойып орын алу — Савич үшін сөйлейтін деректер. 

Клубтық тәжірибесі аса бай, жастығына қарамастан ұлттық құраманың қатарына шақырылған Савич туралы жазып жатудың өзі артық. Барклэстің жеңімпазы, Англия Кубогының иегері Атлетико сапында Астана Аренаға да келген. Қазақ топырағын тосырқамай, жасанды алаңын жатырқамай бауырын жазып доп тебе жөнелсе қауіпті, ең қауіпті болатын сұңқардың бірі осы. Бірегейі. 

Бұл Монтенегро құрамасының ең атақты, ең мықты ойыншыларына шолу болатын. Қаратау құрамасында ортаңқол еуропалық клубтарда ойнайтын ортаңқол ойыншылар көптеп саналады. Олардың бәрін санап жатуды артық деп білдік те ең қауіпті саналатын «сұңқарларды» есепке алдық

Монтенегро ойыншылары мықты екен деп, біздің футболшылар да қарап қалмас, намыс пен арды ту етіп, өз жанкүйерінің алдында жерге қарап қалмас деп сенеміз. 

Бүгінше осы. Ертең біз Монтенегро ұлттық құрамасының стадионы туралы сөз қозғайтын боламыз. Мына жерден оқыңыз.

Алмас Алтай

Дереккөз: www.kerekinfo.kz