Карина Жұмабайқызы: Іріктеу турнирін жақсы нәтижемен бастағымыз келеді

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы мен шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» командасының жартылай қорғаушысы Карина Жұмабайқызы 2019 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльспен өтетін ойын алдында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берді:

- Карина, біздің құрама алғашқы іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, негізгі іріктеу кезеңіне жолдама алды. Екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Уэльс құрамасымен өткіземіз. Осы кездесуге ұжымның дайындығы қалай?

- Әлем Чемпионатының алғашқы іріктеу турнирі сәуір айында Грузияда өткен болатын. Сол турнирде біздің команда Грузия, Латвия және Эстония құрамаларымен өткен кездесуде өз ойынын көрсетіп, бар күштерін салды. Негізгі тапсырманы орындадық. Енді, міне екінші айналымның ойыны күтіп тұр. Алғашқы ойында Уэльс футболшыларын қабылдаймыз. Бұл кездесуге тиянақты дайындалып жатырмыз. Сол себепті алдағы ойында оң нәтиже көрсетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Іріктеу кезеңін жақсы нәтижемен бастағымыз келеді.

- Іріктеу тобындағы қарсыластардың деңгейі туралы айтып өтсеңіз?

- Әйелдер футболында британиялық және скандинавиялық командалар үздіктердің қатарында екені белгілі. Англия және Уэльс құрамалары қолайсыз қарсылас болмақ. Жалпы, біздің топтағы ойындардың барлығы қиын екенін түсінген жөн. Өйткені, қарсыластардың деңгейі өте жоғары. Осындай ойындар арқылы біздің команданың да шеберлігі артатыны сөзсіз.

- Іріктеу турнирінде біздің құраманың алдында қандай тапсырма қойылды? Жексенбі күні өтетін кездесуден не күтеміз?  

- Іріктеу турнирінде әр ойында ұпай жинау, жақсы нәтиже көрсету - команданың алдына қойылған міндет. Осы міндетті орындау үшін бар күшімізді саламыз. Уэльспен ойында қорғанысқа баса назар аударған жөн. Өйткені, Уэльс футболшылары қателікті кешірмейді. Сосын қорғаныстан шабуылға жылдам шығуға тырысамыз. Ойын тактикасын жаттықтырушылар штабы шешеді. Матч алдындағы бапкерлердің нұсқауын орындаймыз.