Александр Бородюк: Ең бастысы - Бухарестке аман-есен жеттік

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы Румыния-Қазақстан матчы алдында журналстердің сұрақтарына жауап берді.

– Ертеңгі ойыннан не күтесіз? Футболшыларыңыз матчқа қаншалықты дайын?

– Меніңше, ертең жақсы ойын болады. Қазақстан мен Румния құрамаларының жанкүйерлері үшін тартысты матч болмақ. Әрине, мақсатымыз – жеңіске жету. Шәкірттерім ойынға сақадай сай десем де болады.

– Румыния және Армения құрамаларына қарсы ойын алдында бірқатар ойыншымызды жоғалттық. Бұл алдағы ойынға кері әсерін тигізбей ме?

– Матч алдында негізгі құрамның ойыншылары жарақат алып қалғаны ойын тактикасына өз әсерін тигізбей қоймайды. Футболда алмастырылмайтын адам болмайды деген сөз бар ғой. Ұлттық құраманың басқа да ойыншыларына мүмкіндік беріп көреміз. Шәкірттерім ертеңгі ойынның маңызды екенін, барлық күшті салып ойнау керектігін жақсы түсінеді.

– Бір сұхбатыңызда Румынияға қарсы дайындыққа уақыттарыңыз аз болғанын айтып едіңіз. Ертеңгі ойынға қандай тосын сый дайындадыңыз?

– Ертең біз өткен ойындарға қарағанда тактикамызды аздап өзгертеміз. Позицияларда өзгеріс болады. Алаңға шығатын ойыншыларды да шамамен анықтап қойдық.

– Румыния құрамасын қаншалықты зерттеп үлгердіңіз?

– 2-3 күннің үшінде Румын құрамасының ойындарын, жекелеген ойыншылардың мүмкіндіктерін қарап, саралап көрдік. Жаттығу кезінде теориялық сабақ көбірек көңіл бөлдік. Дегенмен, Румыния құрамасына жаңа бапкер, жаңа ойыншылар келгенін атап өткен жөн. Олар да алдағы ойынға тосын сый дайындағаны белгілі. Ертеңгі матч екі құрама үшін өте маңызды.

– Біздің топтан қай құрама 2018 жылғы әлем чемпионатына баруы мүмкін?

– Менің болжамым бойынша, Дания, Польша және Черногория құрамаларының бірі шығуы мүмкін. Үшеуі де бір-біріне лайықты қарсыластар.  

egemen.kz