Қазақстан мен  Армения құрамалары тең түсті

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирінің соңғы ойынында Армения құрамасын қабылдады. Елордада өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Кездесудің бас төрешісі молдовиялық Александру Тян ысқырық шалғаннан-ақ екі команданың ойыншылары бірден жылдам ойынға көшті.  Алғашқы қауіпті шабуылды Армения ойыншылары ұйымдастырды.  Алыстан бағытталған соққыны біздің қақпашы Давид Лория жұдырығымен қайтарды.

Сегізінші минутта Қазақстан футболшыларының есеп ашатын тамаша мүмкіндігі болды. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек екі қорғаушыдан өтіп, Азат Нұрғалиевке пас шығарған еді. Алайда, Азат өзіне берілген мүмкіндікті пайдалана алмады. Бір минуттан соң Еркебұлан Тұңғышбаевты Армения қорғаушылары ойын тәртібін бұзу арқылы тоқтатты. Алайда, айып соққысы ешқандай нәтиже әкелген жоқ.

Оныншы минутта Армения құрамасының шабуылшысы Саргис Адамян Давид Лориямен бетпе-бет шықты. Қауіпті соққыны біздің қақпашы қайтарды. Сәлден соң біздің капитан қонақтардың оң жақ жартылай қорғаушысы Артем Симонян мен Эдгар Малакянның есеп ашуына мүмкіндік бермеді.

Кездесудің 25-минутында Армения құрамасының капитаны Генрих Мхитарян командаласы Маркос Пиззелиден тамаша пас алып, есеп ашты – 1:0.

Бірінші таймның соңына қарай Қазақстан құрамасы есепті теңестіре жаздады. Бауыржан Тұрысбекке қарсы ойын ережесі бұзылған.  Азат Нұрғалиевтің әуелете берген пасын Юрий Логвиненко қақпаға баспен ұрды. Доп сәл қисық кетті.

Алғашқы қырық бес минут Армения құрамасының шабуылымен аяқталды. Саргис Адамянның қақпа тура бағыттан соққысын Давид Лория тойтарды.

Үзілістен соң Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюк Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына  шабуылшы Сергей Хижниченконы шығарды.

Екінші таймдағы алғашқы сәт кездесудің 52-минутында тіркелді. Дмитрий Мирошниченкодан пас алған Роман Муртазаев допты қақпаға баспен ұрды. Қонақтардың қақпашысы қырағалық танытты.

Ойынның 61-минутында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек таразы басын теңестірді. Ол Роман Муртазаев шығарған пасты голға айналдырды. Бұл нәтиже ойын соңына дейін өзгерген жоқ.

Қазақстан – Армения – 1:1 (0:1)

Голдар: Тұрысбек 61 – Мхитарян 26

Ескерту: Мирошниченко 24, Байжанов 32, Муртазаев 89   - Симонян 68

Қазақстан: Лория, Дмитренко, Ахметов, Тағыберген, Тұрысбек, Тұңғышбаев (Хижниченко 46), Нұрғалиев, Муртазаев, Байжанов (Дарабаев 75), Мирошниченко, Логвиненко.

Армения: Бегларян, Микаэлян (Андонян 67), Ароян, Малокян (Оганесян 60), Пиззели (Корян 70), Григорян, Дагбашьян, Мхитарян, Амбарцумян, Симонян, Адамян.

Төрешілер: Александру Тян, Андрей Бодян, Виктор Мардари, Аячеслав Манари (барлығы – Молдова).

8 қазан. Астана, «Астана Арена» стадионы, 12 150 жанкүйер.