Қазақстан жастар құрамасы Болгариямен тағы да тең түсті

2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан жастары Болгариямен 1:1 есебімен тең тарқасты. Бактиер Зайнутдинов соққан голға болгариялық Венцислав Керчев дәл соққымен жауап қайтарды.

Екі команда бір апта бұрын да жеңімпазды анықтай алмай, 2:2 есебімен тең түскен еді. Астанада өткен бүнігі кездесудің алғашқы минуттары қауіпті шабуылдарсыз өтті. Қазақстандық жастар допты өзінде ұстап, қорғаныста сауатты ойнады. Қарсыластар қақапашымыз Дмитрий Колбунцовтың иелігене жақындай алмады десе де болады. Владимир Никитенконың шәкірттері әр қадамын ойластырып, ойын желісін бақылауда ұстады.

Ойынның 7-ші минутында Дидар Жалмұқан қаптал бойынша жүгіріп өтіп, айып алаңында болған командаласы Оралхан Өміртаевқа жақсы пас шығарып берді. Алайда Оралханның соққысын қорғаушылар тосып үлгерді. Бірінші таймның орта тұсында Демият Сламбековтың соққысы қақпадан сәл қисық кетті. Ал таймның соңына таман болгариялықтар екі жақсы шабуыл ұйымдастыра білді. Бірақ қазақстандық футболшылар ойдағыдай қорғана білді.

Екінші тайм Қазақстан құрамасының шабуылдарынан басталды. Дидар Жалмұқан мен Оралхан Өміртаев екеуі әдемі комбинация жасап, Оралхан соққы жасады. Бірақ қазақстандық шабуылшыға тағы да сәл сәттілік жетіспей қалды... Осыдан кейін Қуаныш Қалмұратовтың да алыстан тепкен добы қақпаға дарымады.

Қазақстан футболшылары белсенділік арттырып, шабуылдарды үдете түсті. Ойынның 56-шы минутында Оралхан Өміртаев кезекті рет Дидар Жалмұқаннан пас алып, қақпаны нысанаға алды. Бұл жолы болгариялықтарды голдан қақпа бағанасы аман алып қалды. Бірер минуттан кейін қонақтар сапындағы шабуылшы Илия Димитров гол соға жаздады. Бірақ бұл жолы доп қазақстандық команданың қақпа бағанасына тиді.

Қазақстандық жастардың шабуылдары барған сайын қауіпті бола түсті. Ақыры алаңға тыңнан қосылған Бахтиер Зайнутдинов айып алаңында пас алып, ойын есебін ашты. Қазақстан командасы 1:0 есебімен алға шығып, қорғанысты ойлай бастады. Алайда матчтың аяқталуына 2 мннут қалғанда болгариялық Венцислав Керчев бұрыштамадан гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Осылайша екі команда арасындағы ойын тағы да тең аяқталды.

Қазақстан-U21 -  Болгария-U21 1:1 (0:0).

Голдар: Бахтиер Зайнутдинов 76 - Венцислав Керчев 88.

Қазақстан-U21: Дмитрий Колбунцов, Дәурен Мәжитов, Демият Сламбеков (Рашид Люхай, 74), Бекзат Шадманов, Геворг Наджарян (Бактиер Зайнутдинов, 62), Дидар Жалмұқан (к), Александр Соколенко, Қуаныш Қалмұратов, Юрий Перцух, Сұлтан Әбілғазы, Оралхан Өміртаев (Самат Сәрсенов, 85).

Резерв: Карам Сұлтанов, Тимурбек Закиров, Руслан Әлімбаев, Акмаль Бахтияров.

Болгария-U21: Николай Крастев, Венцислав Керчев, Янис Карабельов (Тонислав Йорданов,82), Александр Георгиев, Илия Димитров (Калоян Крастев, 77), Кирил Десподов (Георги Русев, 82), Стефан Велкав (к), Антонио Георгиев, Петко Христов, Чавдар Ивайлов, Мартин Костадинов.

Резерв: Даниел Наумов, Васил Добрев, Марио Петков, Владимир Айтов.