«БИІК-Қазығұрт» футболшылары Чемпиондар Лигасының жеңімпазымен кездеседі 

Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында футболдан әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының 1/8 айналымының жеребесі тартылды. 

Қазақстандық «БИІК-Қазығұрт» футбол клубы 1/8 айналымда Францияның он бес дүркін чемпионы, Чемпиондар Лигасының төрт дүркін жеңімпазы «Лион» командасымен кездесетін болды. «Лион»  футболшылары өткен маусымда Франция чемпионаты мен Чемпиондар Лигасында топ жарған болатын. 

Алғашқы ойынды 8 немесе 9 қараша күні Шымкент қаласы қабылдайды. Қарымта матч 15 немесе 16 қараша күні Францияда өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған команда Чемпиондар Лигасының ширек финалына шығады.

Болгариялық бапкер Калоян Петков жаттықтыратын «БИІК-Қазығұрт» командасы Чемпиондар Лигасының 1/16 айналымында шотландиялық «Глазго Сити» футболшыларын екі ойынның қорытындысы (3:0, 1:4)бойынша басым түсіп, келесі кезеңге өткен еді. Ал, Францияның «Лион» футболшылары бұл кезеңге Польшаның «Медык Конин» ұжымын екі ойынды да (9:0, 5:0)ойсырата ұтып, жолдама алды. 

Өткен маусымда қазақстандық команда Чемпиондар Лигасының дәл осы кезеңіне алғаш рет шыққан болатын. Алайда, олар екі ойын қорытындысы бойынша Францияның ПСЖ командасынан өте алмады. 

Айта кетейік, Чемпиондар Лигасының финалы 2018 жылдың 24 мамыры күні Украина астанасы Киевте өтеді. 

Чемпиондар Лигасы. 1/8 финал:

«Спарта» Прага (Чехия) - «Линчепинг» (Швеция)

«Гинтра»  (Литва) - «Барселона» (Испания)

«Челси» (Англия) - «Русенгорд» (Швеция)

ЛСК (Норвегия) - «Манчестер Сити» (Англия)

«Брешия» (Италия) - «Монпелье»(Франция)

«БИІК-Қазығұрт»(Қазақстан) - «Лион»(Франция)

«Фиорентина» (Италия) - «Вольфсбург»  (Германия)

«Стьярнан»(Исландия) - «Славия» Прага (Чехия)