Алматыда БАҚ өкілдері арасында футболдан чемпионат басталды

Алматыда Қазақстан футбол федерациясы аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында футболдан чемпионат өтеді.

Бұған дейін Алматы футбол федерациясы осындай турнир ұйымдастырған еді. Сайысқа еліміздің ең белгілі БАҚ өкілдері қатысты. 

Қазіргі таңда жаңа чемпионатқа қатысатын командалар тізімі белгілі: «Qazaqstan», «Хабар», «Qazsport» пен «Балапан» телеарналарының құрама командасы, «Hit TV», «Халық арна» телеарналары, қалалық лиганың қазіргі чемпионы Prosports.kz сайты, Vesti.kz, Tenginews.kz, 365 info порталы, NUR.KZ сайттарының құрама командасы және т.б.

«Бұқаралық футбол осы спорт түрінің дамуы үшін өте маңызды. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясы бұқаралық футболдың дамуына белсенді түрде күш салады. Ол үшін әуесқойлар арасындағы турнирлер қажет. БАҚ арасындағы турнир елімізде футбол сүйер қауымның көп екенін көрсетеді. Журналистер әрқашан қозғалыста, бірақ жұмыс ретіне қарамай, әр апта сайын футбол үшін уақыт табады. ҚФФ-ның жоспарында осы сынды әлі талай турнирдің жобасы бар», - деді ҚФФ-ның бұқаралық, әйелдер футболы және футзал департаментінің директоры Ерлан Жамантаев.