Сейілда Байшақов: Келесі футбол маусымы бұдан да қызықты болатынына сенімдіміз

Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов Қазақстан Премьер-Лигасының биылғы маусымын қорытындылады.

Міне, футболдан ел біріншілігінің 26-шы маусымы да аяқталды. Меніңше, биылғы чемпионат барлық клубтар үшін қызықты оқиғаларға толы болды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі алаңдарда өткен көптеген тартысты кездесулердің куәсі болдық. Бірден айта кететін жайт, алтын жүлделер үшін талас чемпионаттың соңғы турына дейін жүрді. Бұл – біздің біріншіліктегі бәсекелестіктің белгісі.

Чемпиондық атағын қорғап қалған «Астана» футбол клубын құттықтаймын. Соңғы жылдары орасан жұмыс атқарған клуб алтын медальдарға лайықты. Сонымен қатар, Қазақстан абыройын асқақтатып жүрген «Астана» еліміздің жанкүйерлерін Еуропа алаңдарындағы жетістіктерімен қуантып жүр. Қазір елордалық командада еліміздің тарихында алғаш рет УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңінен шығуға керемет мүмкіндік бар. Бұл қазақстандық футболдың дамып келе жатқанының дәлелі. Себебі Еуропаның мықты командаларына қарсы ойындар қазақстандық ойыншыларды шыңдай түседі. Бұл өз кезегінде Ұлттық құраманың ойынын жақсартуға септігін тигізеді.

«Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесулер чемпионаттың әшекейіне айналды. Екі ұжым да тартысты толы матчтар өткізіп, еуропалық деңгейдегі футбол көрсетті.

Тағы бір жетістік, «Қайраттың» Айбол Әбікен мен Магомед Парагульгов сияқты тәрбиеленушілері жаңа маусымда өз талантын танытып, негізгі құрамда ойнауға лайықты екенін дәлелдей білді. Еліміздің басқа клубтарының футбол орталықтары да «Қайрат» орнатқан стандарттарға жетуге тырысады деп үміттенеміз. 

Алматының командасы Қазақстан Кубогын сегізінші рет жеңіп алды. Бұл – керемет нәтиже. Себебі еліміздің әлі ешбір командасы мұндай жетістікке жетпеді. Қазақстан Кубогының финалы биыл ең футболсүйер қаланың бірі Ақтөбеде өтті. Финалдық матчта «Қайрат» 1:0 есебімен «Атырауды» ұтты. Бір қызығы, кездесудегі маңызды ойыншылардың бірі Қазақстан жастар құрамасының футболшысы Александр Соколенко болды. Өйткені дәл оның сауатты ойынынан кейін гол соғылды.

Өз тарихында алғаш рет қола медаль жеңіп алған Шымкенттің «Ордабасы» клубын да құттықтаймын. Бұл клуб үшін де, жанкүйерлер үшін де керемет жетістік. 

Айта кететін тағы бір жайт, біріншіліктің төртінші орын иегері чемпионаттың аяқталуына бір минут қалғанда ғана анықталды. Павлодардың «Ертіс» командасы ойынның қосымша уақытында «Шахтер» клубына гол соғып, төртінші орынды сақтап қалды. Енді олар УЕФА Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінде Қазақстан намысын қорғайды.

Аяқталған чемпионат бірінші рет жаңа жүйе бойынша өтті. Командалар алтылықтарға бөлінбей үш айналым ойнап шықты. Менің ойымша, үшінші айналымда Бергер кестесін қолдану жақсы шешім. Ол Премьер-Лигадағы бәсекелестікті арттырады және отандық футболшылардың дамуына септігін тигізеді.

Бірінші Лигада сәтті ойнаған Талдықорғанның «Жетісу» командасы мен Петропавлдың «Қызыл-Жар СК» клубы жоғары лигаға қайта оралды. Кезінде бұл екі команда чемпионаттың жүлдегері болған еді. Сондықтан Премьер-Лиганың келесі маусымында олар жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.

Біз ілгері жылжып келеміз және келесі футбол маусымы бұдан да қызықты болып, ұмытылмас әрі жарқын эмоция әкелетініне сенімдіміз.