ҚФФ сертификация тақырыбы бойынша Премьер-Лига мен Бірінші Лига клубтарына семинар өткізді

Бүгін, 10 қараша күні, Астанада «2018-2019 ж.ж. маусымда УЕФА мен ҚФФ өткізетін жарыстарға қатысу үшін Қазақстан Республикасының футбол клубтарын сертификаттау» тақырыбында семинар өтті.

Шараға Премьер-Лига мен Бірінші Лига клубтарының сертификация мамандары, заңгерлері және бухгалтерлері қатысты. 

ҚФФ Лицензиялау департаментінің сарапшылары клуб өкілдерін жаңа талаптармен таныстырды. Себебі жаңа ережелерде инфрақұрылымдық, спорттық, әкімшілік-кадрлық және қаржы критерийлер бойынша өзгерістер қабылданған еді.

Семинарға Ресей футбол одағының өкілдері де қатысты. Олар – РФО Лицензиялау департаментінің директоры Евгений Летин және РФО Лицензиялау департаментінің қаржы критерийі бойынша сарапшысы Максим Лукашевич. Олар өз баяндамаларында Ресейдегі футбол клубтарын лицензиялау жұмыстары туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ресейлік қонақтар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.