Қостанайда УЕФА бағдарламасы бойынша қыздар футболының фестивалі өтті

Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ның қолдауымен Қостанайда 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған Grassroots Festivals for girls – 2017 шарасын ұйымдастырды. Фестивальді өткізуге Қостанай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол федерациясы және «Тобыл» футбол клубы да атсалысты.

Шараға Қазақстан футбол федерациясының бұқаралық футбол, әйелдер футболы және футзал департаментінің директоры Ерлан Жамантаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Дмитрий Грязнов, облыстық футбол федерациясының вице-президенті Болат Ысқақов, «Тобыл» футбол клубының қорғаушысы Тимур Жақыпов  қатысты.   

Қазақстанның барлық өңірінде фестивальға деген қызығушылық бар. Біз фестивальді ойын түрінде өткіземіз. Балалардың футболға деген қызығушылығын арттырып, кәсіби спортқа бет бұрғанын қалаймыз, - дейді Қазақстан футбол федерациясының бұқаралық футбол, әйелдер футболы және футзал департаментінің директоры Ерлан Жамантаев - Дәл осындай шараны биыл еліміздің оңтүстік және батыс өңірінде ұйымдастырдық. Ақтөбеде өткен фестивальде 18 қыз бала футбол секциясына жазылды. Фестиваль ұйымдастыру – жақсы идея деп санаймын. УЕФА қыздар футболына көп көңіл бөледі. Келесі жылы еліміздің солтүстік өңірін аралаймыз. Қостанай облысы дәл осындай шараны тағы бір рет қабылдайды.

№1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне жүзден аса бала жиналды. Қазақстан футбол федерациясы қатысушыларға жаңа спорттық киімдер мен футбол доптарын таратты. Қатысушылар 8 топқа бөлінді. Әр топтың өз нұсқаушысы болды. Фестиваль футбол элементтерінен тұратын ойын түрінде өтті. Шараның соңында барлық қатысушылар дипломмен марапатталды.

Видеоны түсірген «Тобыл»  футбол клубының баспасөз қызметі