Алғашқы ойында алты гол соғылды

Футбол орталықтары мен академиялардың 2000 жылғы туған жасөспірімдер арасында  Қазақстан Республикасының Біріншілігі басталды

Іріктеу кезеңінен кейін финалдық бәсекеге төрт команда жолдама алған болатын. Олар елордалық  «Астана», павлодарлық «Ертіс», шымкенттік «Ордабасы» және алматылық «Қайрат». Бұл жарыстың жеңімпазы жасөспірімдер арасында Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіне қатысу құқығына ие болады.

Алғашқы ойында алты гол соғылды. «Ордабасы» ойыншылары павлодарлық «Ертістен» 4:2 есебімен басым түсті.  (Жұмабаев, 4, 36; Хаджиев, 18; Колмонбетов, 72 - Нұржанов, 9; Қуанбай, 39).

- Балалар «Астана Арена» алаңында алғаш рет ойнады, - дейді «Ордабасы-2000» бас бапкері Сергей Когай. – Нәтиже жақсы, жеңіске жеткенімізбен, гол соғатын сәттерді толық пайдалана алмаймыз. Бірінші кезекте жақсы көңіл-күй және дайындық арқылы қарсыластан басым түстік. Қысқа және орта пастар арқылы шабуылдауға тырыстық. Енді келесі қарсыластардың ойынын талқылайтын боламыз. Алдағы ойындарға тас-түйін дайындалуға тырысамыз.

- Бүгін қатысушылардың басым бөлігі тамаша стадионда алғашқы ойындарын өткізді. Әрине, толқу бар, - дейді «Ертіс-2000» бас бапкері Вадим Текиев. – Ойыншылардың өз ойынын көрсеткенін қаладым. Ойын басында футболшылар аздап абыржыды. Сол себептен жылдам гол өткізіп алдық. Әрі қарай ойынды қолға алуға тырыстық. Жанкүйерлер ашық футболдың куәсі болды. Оларға бұл ұнайды. Ал, жаттықтырушылар штабы үшін кейде уайым. Жас футболшылардың бірде шеберлігі жетіспейді, бірде жоғары деңгей көрсетеді. Қорғаныста қауқарсыздық танытып жеңілуге мәжбүр болдық. Ойын тізгінін уыстан шығарып алғаннан кейін, қақпамызға төртінші гол соғылды. Алда, маңызды екі кездесу бар. Қателіктерден сабақ шығарамыз. Біз тек алға ұмтыламыз.