Елордалықтар екі астананың дербиінде жеңіске жетті

Астанада футбол орталықтары мен академиялардың 2000 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы Біріншілігінің финалдық кезеңі басталды. Бірінші жарыс күнінің екінші матчында жанкүйерлер мен футбол мамандары екі астанамыздың дербиіне куә болды.

«Астана» командасының жас футболшылары алаң иелері ретінде алматының «Қайрат» клубын қабылдады. Қауіпті шабуылдарға толы болған тартысты кездесу 4:2 есебімен «Астана» пайдасына (Мәжит, 23; Жәнібеков, 48; Прокопенко, 71, 83 - Әлімжан, 26; Швырёв, 49)  шешілді.

- Дерби деп бағаланған кездесу шынымен де тартысты өтті, - деді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген «Қайрат» бапкері Эльдар Гасанов. – Бірақ біз жарысқа қарсыластарынан бір жас кіші балаларды әкелгенімізді де ескерген жөн. Ойын соңында осы жас ерекшелігі байқала бастады. Жақсы нәтижеге кішкене күш жетпей қалды. Жалпы, балалардың ерік-жігер көрсеткені қуантады, біз ризамыз. Бірақ ойын соңында күшіміз таусылып қалғанын қайталап айтамын. Келесі қарсыласымыз – «Ордабасы» командасы. Бұл дегеніңіз, бізді тағы бір қиын ойын күтіп тұр. Осыған қоса, Шымкенттен келген ұжым – өткен маусымның жеңімпазы. Алайда жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

- Меніңше, біздің жігіттер жеңіске деген ынтасы керемет болды, сондықтан да жеңіске жеттік, - деді «Астана-2000» командасының аға жаттықтырушысы Вячеслав Прокопенко. – Осыған қоса, біз физикалық тұрғыдан да мықты болып, жалпы жақсы ойын көрсеттік. «Астана» ФК басшылығына оқу-жаттығу жиыны кезінде бізге бар жағдайды жасап бергені үшін алғыс айтамын. Жоспарларымызға тоқталсақ, өткен ойынды бір сараптап, қате кеткен жерлерімізді түзеп, келесі матчтарға дайындалуымыз керек. 

Еске сала кетейік, алаң иелері саналатын «Астана» клубы мен Қазақстан Футбол Федерациясы бірлесе отырып, жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың финалдық кезеңіндегі барлық ойынды тікелей эфирде көрсетпек. Еліміздің жас футболшыларының матчтарын футбол сүйер қауым, жанкүйерлер мен мамандар төменде көрсетілген сілтеме бойынша тамашалай алады.

Сонымен қатар, назарларыңызға жарыс күнтізбесін де ұсынамыз:

16 қараша (Бейсенбі)

10:00«Ертіс» - «Ордабасы» - 2:4

12:00«Қайрат» - «Астана» - 2:4

18 қараша (Сенбі)

10:00 «Ордабасы» - «Қайрат»

12:00 «Астана» -«Ертіс»

20 қараша (Дүйсенбі)

10:00 «Қайрат»- «Ертіс»

12:00 «Астана» - «Ордабасы»

 

Фото: «Астана» ФК баспасөз қызметі