«Астана» - Қазақстан чемпионы!

«Астана» клубының ойыншылары, бапкерлік штабы мен басшылығы Премьер-Лига командалары арасындағы ҚР чемпионатының алтын жүлделерімен марапатталды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және Қазақстан Кәсіби Футбол Лигасының президенті Азамат Айтқожин қатысты.

- Барлық жанкүйерлер мен футболшыларды чемпиондық атақпен шын жүректен құттықтаймын, - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. – «Астана» соңғы турға дейін жалғасқан тартысты бәсекеде жеңіске жетті. Біздің жанкүйерлерді құттықтай отырып, команда басшылығына, бас бапкерге және чемпионат пен еурокубоктарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген футболшыларға алғыс айтамын.

- Елордалық ұжым төртінші жыл қатарынан чемпион атанып отыр. Бұл Қазақстанның басқа клубы жетпеген тарихи нәтиже, - деп мәлімдеді ҚФФ президенті Сейілда Байшақов. – «Астанананы» осындай керемет жеңісімен құттықтай отырып, оның ел футболының нағыз брендіне айналғанын айтқым келеді. Команда нәтижесі тұрақты, демек клуб басшылығы мен бапкерлер штабы жақсы жұмыс істеп жатыр. Қазір «Астана» тарихи сәтке сәл жақындады, яғни команда УЕФА Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шығуы мүмкін. Елордалық командаға мұндай жетістік те бағынады деп сенеміз.