Дінмұхамед Қашкен: «Ордабасымен» ойын қиынға түседі»

Футболдан жасөспірімдер мен академиялардың жасөспірімдер клубы арасында Қазақстан Республикасы Біріншілігінің финалдық кезеңі аяқталды.

Екінші ойын күнінде «Астана-2000» футболшылары Павлодардан келген «Ертіс» командасын ірі есеппен ұтты - 5:1 (Скворцов, 9, 42, 49; Прокопенко, 13, 55; - Кеңесов, 63).

- Жаттықтырушыларын талабын тиянақты орындап, допты бақылауда ұстауға тырыстық, - дейді елордалық ұжымның қорғаушысы Дінмұхамед Қашкен. - Жоспарды жүзеге асырдық. Бұған дейін де павлодарлық футболшылармен кездесіп, 8:0 есебімен жеңген едік. Ойынға салғырт қарамайтын болсақ, тағы да жеңіске жетеміз деген сенім болды. Жанкүйерлерге жеңіс сыйлағанымыз үшін қуаныштымын.

- «Қайратпен» салыстырғанда «Ертіспен» өткен кездесуде аз күш жұмсалғандай болды?

- Мойындаймын, жеңілдеу болды. Қарсылас қысым көрсетпеді. Алматылық ұжым көрсеткен қарсылықты бұл ойында байқадық.

- «Ордабасымен» ойын шешуші болмақ. Турнирдің жеңімпазы анықталады...

- Шымкент командасы мықты екеніне келісемін. «Ордабасы» сапында жасөспірімдер құрамында ойнайтын бірнеше жігіттер бар. Алайда, біз оң нәтижеге қол жеткізу үшін кездесуге баса назар аударамыз. Тартысты ойын болатынына сенім мол.