Эльдар Гасанов: «Жас футболшыларымыздан көп үміт күтеміз...»

Астанада футбол орталықтары мен академиялардың 2000 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы Біріншілігінің финалдық кезеңі жалғасуда.

Жалпы жарысқа 7 жас категория бойынша командалар қатысты. Биылғы «Төрттік финалы» 2000 жылы туған балалар арасында өтіп жатыр. Басты жүлденің бірі – Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіне жолдама. Осы жолда елорданың «Астана», Павлодардың «Ертіс», Шымкенттің «Ордабасы» және Алматының «Қайрат» командалары сынға түсуде.

Жарыстың екінші күні «Ордабасы» клубы «Қайратты» 2:0 (Колмонбетов, 35, 65) есебімен жеңді.

- Нәтижеге ризамыз, - дейді «Ордабасы-2000» командасының бапкері Сергей Когай ҚФФ баспасөз-қызметіне берген сұхбатында. – «Қайрат» турнирдегі ең мықты командалардың бірі. Ерекшелігі, құрамда біздікілерден бір жас кіші балалар ойнап жүр. Десе де олар жылдам, қорғаныстан шабуылға тез өтеді. Біздің жігіттер де жақсы ойнады, дегенмен әлі де жөндейтін тұстарымыз бар. Бірақ бұл финалдық кезең болғандықтан бірінші кезекте нәтижеге қарау керек. Балалар жарады! Қатарынан екінші жеңіс!

- «Қайратқа» қарсы қалай ойнауды жоспарладыңыз?

- Біз олармен екі рет ойнадық, жақсы танимыз. Жоспарымыз олардың шабуылын айып алаңынан барынша алыс жерден тоқтатуға тырыстық. Меніңше, бұл қолымыздан келді.

- «Астанамен» өтетін келесі ойын қалай болмақ?

- Матчқа мұқият дайындалып жатырмыз. «Астананың» дәл осы командасы өте мықты әрі олар халықаралық жарыстарда әбден шыныққан. Негізгі құрамның екінші командасында ойнайтын тәжірибелі футболшылар тағы бар. Оңай болмасы анық, бірақ бұл футбол, бәрі алаңда шешіледі. Қалай болатынын көреміз...

- Өкіншіке қарай, «Ордабасыға» қарсы негізгі шабуылшымыз Вячеслав Швырёвсіз ойнадық, - деді ҚФФ баспасөз-қызметіне сұхбат берген «Қайрат» бапкері Эльдар Гасанов. – Осыған қоса 42-ші минутта оң қапталдағы жартылай қорғаушымыз Шадман Бакиров алаңнан қуылды. Сондықтан ойын қиындай түсті. Ал біздің команда қалғандарына қарағанда бір жас кіші екенін ескерсек, жеңіске жету тіпті қиын еді. Біз басқа клубтардың футболшыларына физикалық тұрғыдан есе жіберіп жатырмыз. Дегенмен ойыншыларымыз барын салып, жақсы жақтарын да көрсетіп жатыр. Кей кезде басымдыққа ие болып, допты өзімізде ұстай білдік. Жалпы, мақтауға тұрарлық ойын көрсетті.

- Келесі матчта «Ертіспен» кездесесіздер...

- Соңғы ойында 3-ші орын үшін таласамыз. Сондықтан өте маңызды кездесу болмақ. Бір жас кіші балаларға қола жүлде иелену жақсы нәтиже болар еді. Болашақта көп жұмыс істеу керек. Физикалық тұрғыдан қатайып, тактикалық ойынды жақсарту қажет. Құрамада «Қайраттың» екінші командасында,тіпті еліміздің жасөспірімдер құрамасында ойнауға үмітті талапты футболшылар бар екені қуантады. Осы жас футболшыларымыздан көп үміт күтеміз...

Еске сала кетейік, алаң иелері саналатын «Астана» клубы мен Қазақстан Футбол Федерациясы бірлесе отырып, жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың финалдық кезеңіндегі барлық ойынды тікелей эфирде көрсетпек. Еліміздің жас футболшыларының матчтарын футбол сүйер қауым, жанкүйерлер мен мамандар төменде көрсетілген сілтеме бойынша тамашалай алады.

Сонымен қатар, назарларыңызға жарыс күнтізбесін де ұсынамыз:

16 қараша (Бейсенбі)

10:00 «Ертіс» - «Ордабасы» - 2:4

12:00 «Қайрат» - «Астана» - 2:4

18 қараша (Сенбі)

10:00 «Ордабасы» - «Қайрат» - 2:0

12:00 «Астана» -«Ертіс» - 5:1

20 қараша (Дүйсенбі)

10:00 «Қайрат» - «Ертіс»

12:00 «Астана» - «Ордабасы»