Әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі

Қазақстан Футбол Федерациясының басшылары, сонымен қатар, еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк пен оның көмекшісі Виктор Лосев футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне шақырту алды.

Келесі жылға жоспарланған Әлем Кубогы көршілес Ресей елінде өтеді. Ал, 1 желтоқсан күні Мәскеудегі Кремль сарайында дүбірлі доданың жеребесі тартылады.

Салтанатты шараны танымал британиялық Гари Линекер мен ресейлік тележұлдыз Маша Командная жүргізеді. Олардың қатарын өткен әлем чемпионаттарында топ жарған сегіз елден құралған жұлдыздардың тобы толықтырады. Оның ішінде аргентиналық Диего Марадона, италиялық Фабио Каннаваро, франциялық Лоран Блан, англиялық Гордон Бэнкс, бразиялиялық Кафу, испаниялық Карлес Пуйоль, уругвайлық Диего Форлан және германиялық Мирослав Клозе бар.

Ресейлік тараптан жеребе тарту рәсіміне РФО-ның бірінші вице-президенті, КСРО-ның төрт дүркін чемпионы, екі дүркін Кубок иегері Никита Симонян да қатысады.

Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов пен бас хатшысы Қаныш Әубәкіров те ФИФАН-ның ресми шақыртуын алды. Сонымен қатар, қазақстандық делегацияның қатарында кеңестік және ресейлік футболдың ардагерлері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері мен оның көмекшісі Александр Бородюк пен Виктор Лосев те бар. Олар КСРО сапында Олимпиада чемпионы атанған болатын.  

- Футболдан әлем чемпионаты Ресей жерінде өтетіні бәрімізге белгілі, - дейді Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов - Мәскеуде қазақстандық делегация әлем чемпионатына қатысатын елдердің өкілдерімен кездесу ұйымдастыру жоспарда бар. Әлем Чемпионатының қатысушылары чемпионат алдында біздің елге жақын Ресейдің қалаларында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Сол құрамаларымен жолдастық кездесу өткізу жөнінде келіссөздер жүргіземіз.

- Бұл шарада тек Ресей ғана емес, Қазақ футболының да атынан қатысамыз, - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк. - Әлем Чемпионатының жеребе тарту рәсімі жанкүйерлер үшін әрқашан мереке. ФИФА тарапынан көрсетілген сенім мен құрметке алғысымыз шексіз.  Ресейде өтетін әлем чемпионаты жанкүйерлердің басын қосып, бірлік пен ынтымақты қолдайтын керемет жоба болатынына сенемін.

- Алдағы әлем чемпионаты Ресей ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі елдерде де футболды да дамыту мен танымал етуге түрткі болмақ, - дейді Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Виктор Лосев. - Жақында ғана Александр Бородюк және қазақстандық әріптестермен бірге Кеңес Одағы құрамасының Олимпиададағы жеңісіе еске алған едік. Сол құрамада алматылық «Қайраттың» ойыншысы Евгений Яровенко да болған еді. Қазақстан мен Ресей тату-тәтті көршілес ел.   Сол себепті екі елдің атынан айтулы шараға қатысу мен үшін үлкен құрмет.

Фото: www.espnfc.com