Тәулік бойы спорт жаңалықтары

Астанада sport.inform.kz атты спорт жаңалықтарының ақпараттық порталы таныстырылды.

«ҚАЗАҚПАРАТ» Халықаралық Ақпараттық Агенттігі өзінің платформасында тақырыптық электронды БАҚ жасап, көпшілік назарына таныстырды. Sport.inform.kz деп аталатын ақпараттық портал спорт тақырыбындағы жаңалықтар, эксклюзивті сұхбаттар мен арнайы репортаждар дайындап, рейтингтік турнирлер мен матчтар көрсетіп, әлемдік және отандық деңгейдегі спортшылар қатысатын жарыстарға арнайы сараптамалық материалдар жазумен айналыспақ.

- Қазақстандық спорт біздің мемлекетіміз туралы имидж қалыптастырады, - дейді «Қазақпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров. – Біздің sport.inform.kz ақпараттық порталымыздың іске қосу идеясын ҚР Ақпарат және коммуникациялар министі Дәурен Абаев толық қолдады. Бұл саладағы жаңалықтар өте өзекті. Қазіргі кезде жаңалықтар қазақша және орысша жарық көруде. Болашақта ағылшын және қытай тіліндегі нұсқаларды да қосамыз. Қазақстандық спорт туралы ақпарат елімізге және әлемге барынша жылдам тарап, қолжетімді болуы керек.

- Редакция спорттық ақпарат нарығын зерттеуге бағытталған сараптамалық жұмысты бастады, - дейді sport.inform.kz жетекшісі Марлен Бейсебаев. - Спорт саласындағы БАҚ-ты дамытуға мемлекет те қолдау көрсеткені қуантады. Біз болашаққа үмітпен қараймыз. Қазір көп көріне бермейтін спорт түрлерін де насихаттауға күш саламыз.

- Әріптестер үшін қуаныштымыз және sport.inform.kz редакциясына барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, - дейді ҚФФ баспасөз-қызметінің жетекшісі Тимур Камашев. - Осы жобаны қолға алып, жүргізіп отырған барлық мамандарды құттықтаймыз. Осындай тақырыптық-ақпараттық порталға тәжірибесі мол кәсіби мамандар жиналыпты, демек керемет материалдар көптеп шығады деген сенімдеміз.