Әуесқойлар күш сынасты

Қостанайда футзалдан әуесқой командалар арасындағы Кубок аяқталды.

Жарыс «Сұңқар» спорт кешенінде өтті. Қостанай облысының футбол одағы ұйымдастырған турнирге 12 команда қатысты. Жеребе бойынша бастапқы кезеңде командалар үш топқа бөлініп ойнады. «А» тобында ҚМПИ, «ПарусКаз», «Локомотив» және «Агромаш», «В» тобында Қарасу ауданы, Автожолдар колледжі, Лисаковск қаласы мен ҚР ІІМ Академиясының командасы ойнаса, «С» тобында «Троя», «Лидер», «Тепломонтаж» және ҚМУ әуесқойлар ұжымдары жиналды.

Ширек финалға өз топтарында 1-ші және 2-ші орын алған командалар мен 3-ші орын алған үздік екі ұжым шықты. Тартысты өткен жарыстың финалы өте қызықты өтті. «Троя» командасы толассыз шабуылдар ұйымдастырып, төреші қосқан уақыттың соңғы сәттерінде гол соғып кетті.

- Турнирдің өте жақсы өткені қуантты, - дейді Қостанай облысының Футбол Одағының жетекшісі Болат Ысқақов. - Әр ойынның тартысты өткенін жанкүйерлер де көрді. Енді өңіріміздің мықты командалары футзалдан ҚР чемпионаттары мен Кубоктарына қатысады деген үміттеміз. Спортшылар республикалық деңгейде де жақсы ойын көрсетіп, ең жоғарғы орындарға таласа алады деп ойлаймын.

Плей-офф матчтарының нәтижелері:

Ширек финал

ҚМПИ – ІІМ Академиясы - 8:5

Қарасу ауданы - «Тепломонтаж» - 2:1

«Лидер» - Лисаковск қ. - 5:2

«Троя» - «ПарусКаз» - 4:2

Жартылай финал

Қарасу ауданы - «Лидер» - 3:2

«Троя» - ҚМПИ - 3:1

3-4 орын үшін матч

ҚМПИ - «Лидер» - 4:2

Финал

Қарасу ауданы - «Троя» - 1:2

Үздік атанған ойыншылар:

Үздік қақпашы - Глеб Коробейников, «Троя»

Үздік ойыншы - Сапар Тастеміров, «Троя»

Үздік шабуылшы - Әділ Жаналиев, Қарасу ауданы

Үздік қорғаушы - Диас Жаңатаев, ҚМПИ