Молдыбай Байжігітов атындағы турнир аяқталды

Ақмола облысында футбол ардагері Молдыбай Байжігітов атындағы турнир өтті.

Өмірінің көп бөлігін ауыл футболын дамытуға атсалысқан, қазір 70-ке келген ақсақалға арналған жарыс Балкашкино ауылында ұйымдастырылды. Бәсекеге Астана қаласы, Ақмола облысының Атбасар, Зеренді мен Сандықтау аудандарының командалары қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Атбасар ауданының ардагер футболшылары үздік атанды. Екінші орынға Сандықтау ауданының ойыншылары жайғасса, Астана қаласынан келген футболшылар үштікті қорытындылады.

Матч нәтижелері:

Атбасар - Астана - 4:2

Сандықтау - Зеренді - 7:1

Атбасар - Зеренді - 1:1

Сандықтау - Астана - 5:3

Зеренді - Астана - 5:8

Атбасар - Сандықтау - 2:1

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстан Футбол Федерациясының Бұқаралық және әйелдер футболы мен футзал Департаментінің директоры Ерлан Жамантаев марапаттап, Молдыбай Байжігітовты мерейтойымен құттықтап, ҚФФ президенті Сейілда Байшақовтың атынан тілек жолдады.

- Бізді, ардагерлерді, ауыл футболына қайта көңіл аударып жатқандары қуантып отыр, - дейді Молдыбай Байжігітов ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында. - Бірінші кезекте инфрақұрылым жақсарып келеді. Мысалы біздің ауылда өткен жылы «Болашақ» спорт-сауықтыру кешені салынды. Бүгін осы жерде турнир өткізіп жатырмыз. Ауыл тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдана бастады. Бір қызығы, Ақмола облысының балалар және жасөспірімдер арасындағы жарыстарында Балкашкино ауылынан жас ерекшелігі әртүрлі сегіз команда бар. Спортпен тек жастар емес, ардагерлер де белсенді айналысады. Қонақ күтіп, басқа аудандардан спортшыларды күш сынасуға шақырамыз. Біздің ауыл өзінің қонақжайлығымен өте танымал.