«Крузейро» клубында жаттыққандар елге оралды

Бразилияның «Крузейро» клубының академиясында оқуда болған қазақстандық жасөспірімдер елге қайтып келді.

Бразилияның «Крузейро» футбол клубында жаттыққан отандық спортшыларды Қазақстан Футбол Федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы және қазақстандық кәсіби футбол клубтарының академиялары мен мектептерінің өкілдері қарсы алды.

- Аты әлемдік деңгейде танылған футбол клубында жаттығудан өткен жастар болашақта шеберлігі мен таланты арқылы қазақстандық футболдың дамуына кепіл бола алады, - деді Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов. - Еске сала кетейін, біздің жас футболшылар Бразилияға конкурс арқылы іріктеліп алынды. Осылайша қазақстандық мектеп қорының арнайы іріктелген тәрбиеленушілері шетелде оқуға мүмкіндік алды. «Крузейро» футбол клубының оқу-жаттығу базасы халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес жасалған. Біздің жасөспірімдерде керемет алаңдар, ыңғайлы тұрғын үйлер, керек әдістемелік оқулықтармен қамтылған теориялық оқу аудиториясы, білікті бапкерлер, спорт жабдықтары және пайдалы әрі нәрлі тағамдану болды. Әлемге керемет жұлдыздар сыйлаған елде жаттығуға мүмкіндік берген жобанының бастамашысы болып, барынша қолдау көрсеткен Қазақстан Футбол Федерациясының Құрметті Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғыс айтамын.

- Бразилиядан оралған барлық футболшыларға қазақстандық кәсіби футбол клубтары қызығушылық танытып жатқанын айтайын, - дейді ҚР мемлекеттік бапкері Болат Жусабаев. - Жігіттер кәсіби клубқа шақырту алатыны уақыт еншісінде. Қазір отандық клубтардың барлығы дерлік демалыста. Оқу-жаттығу жиындары басталғанға дейін жастар оларды Бразилияға ертіп барып, сол жерде тәжірибе жинаған еліміздің бапкерлері қол астында жаттығады. Айта кетейін, біздің ойыншылар тек қана «Крузейро» футбол клубының академиясының оқу бағдарламасына сәйкес жаттықты. Практикалық жағына тоқталсақ, биылдың өзінде қазақстандық жасөспірімдер Бразилияда ұйымдастырылған түрлі жарыстарда 50-ге жуық матч өткізді. Бір қарағанның өзіне олардың жігіт болып қалғаны және шеберлігі жақсарғаны байқалады. Оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар соның айқын дәлелі.

Кәсіби командалардың селекционерлері Бразилиядан келгендерді ұшақтың трапынан қарсы алды десе де болады. Футболшылар алғашқы шақыртуларды Алматының «Қайрат», елорданың «Астана», Қарағандының «Шахтер», Қостанайдың «Тобыл», Оралдың «Ақжайық», Талдықорғанның «Жетісу», Шымкенттің «Қыран» және «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Тараз» клубтарының өкілдерінен алды.

Ойыншылар клубтардан ғана шақырту алмай, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының келесі жылдың қаңтар айында өтетін оқу-жаттығу жиынына да шақырту алуға дайындалып жүр.

Айта кетейік, бұл Бразилияда 3 жылдан оқып келген үшінші топ. Бразилия елінде жаттыққан көптеген ойыншылар қазір Премьер-Лига мен Бірінші Лига командалары сапында доп теуіп жүр. «Қайраттағы» Магомед Парагульков Қазақстан Ұлттық құрамасына үміткер. «Астанадағы» Абылайхан Дүйсен мен Берік Шаихов, «Шахтёрдағы» Руслан Әлімбаев пен Владислав Васильев, «Тобылдағы» Жасұлан Шубаев, «Ертістегі» Мирас Төлиев, «Ақтөбедегі» Рафкат Аслан, «Атыраудағы» Айболат Макуов, «Жетісудағы» Демият Сламбеков, «Мақтааралдағы» Едіге Оралбай әркез Қазақстан жастар құрамасына шақырту алады. «Мақтааралдағы» Мейіржан Камбил мен Фарух Мирсалимбаев, «Каспийдегі» Мақсат Тайкенов, Олжас Мұқанов пен Айсабек Сәрсенғалиев, «Қырандағы» Қуаныш Мұханбек, Мағжан Әбдеш пен Бекболат Тыныбек Бірінші Лига командаларында ойнап жүр.

«Астанадағы» Саян Мұқанов, «Атыраудағы» Әбілмансұр Рашетов, «Жетісудағы» Айсұлтан Сейдахмет, Шыңғыс Ахласов, Рүстем Әбдіразақов, «Тараздағы» Асхат Сәдіров пен Абай Сайфулин Екінші Лига командалары сапында.