Әлем Кубогы Қазақстанға жол тартады

Әлемді шарлап жүрген жаһандық жарыстың бас жүлдесі 2018 жылдың 4 ақпанында Қазақстанға келеді деп жоспарланған.

Жалпы Әлем Кубогын төрт құрлықтың 52 мемлекетін аралайды. Бір қызығы, Қазақстан Кубокты екінші рет қарсы алып отырған алғашқы мемлекет. Бұған дейін бұл жүлде Алматыда 2010 жылы қойылған еді. Жобаны «Соса-Сola» компаниясы ұйымдастырып отыр.

- Қазақстанға келген Кубокты ел тұрғындары мен қонақтар Алматы қаласы, Розыбакиев 273 көшесіндегі «Megacenter» сауда кешенінен тамашалай алады, - деп хабарлайды «Coca-Cola» компаниясының Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі корпоративтік байланыс және коммуникация менеджері Александра Аккирман. - Көрсетілім тек бір күнге созылатынына назар аударамын. Әр келуші Кубокты көріп қана қоймай, онымен бірге фотоға да түсе алады. 

Футболдан Әлем чемпионатының жақындап келе жатқанының белгісі ретіндегі бұл турне 9 қыркүйек күні Ресей астанасында орналасқан аса танымал «Лужники» стадионында басталды. Дәл осы аренада Әлем біріншілігінің ашылу салтанаты мен финалдық кездесу өтеді. Алтын жүлденің саяхаты чемпионат басталарда Ресейде аяқталмақ.

- Айта кетейік, «Coca-Cola» футболдан Әлем чемпионатын қолдаумен қатар, көптеген ұлттық федерациялардың, оның ішінде Қазақстанның әріптесі. Екіжақты жемісті жұмыстың айқын мысалы ретінде біздің елде өтетін «Coca-Cola - Былғары доп» турнирін айтуға болады. Бұл футбол жарысы балалар және жасөспірімдер арасындағы ең бұқаралық сайыс саналады. Оның арқасында мыңдаған балалар өз шеберлігі мен талантын шыңдап, арманын орындауға мүмкіндік алуда, - дейді Қазақстан Футбол Федерациясының президенті Сейілда Байшақов. - Бұл керемет жобаның тарихы 2006 жылы басталған еді. Содан бері бұл турнирге 1 миллионнан астам оқушы қатысқаны таңғалдырарлық көрсеткіш. Қазір кәсіби футбол клубтарында ойнап жүрген талай футболшы ең алғашқы қадамдарын осы турнирде жасаған. Қазақстандық футболдың ардагері ретінде айтарым, мен де футболдағы алғашқы қадамдарымды осы сияқты жарыста бастағанмын. Кезінде барлығы жақсы бағалаған «Былғары доп» Бүкілкеңестік турнирі тәжірибелі жанкүйерлердің әлі есінде болу керек. Бұл сайыс та көптеген футболшының жұлдызын жарқыратты. КСРО ыдырап кетсе де, осындай керемет жарыстың қайта жандануы керемет оқиға. Бұл тағы мыңдаған қазақстандық балаға өз өмірін футболмен байланыстыруға мүмкіндік береді деген сөз.

- Бізді әрдайым қолдап жүретін әріптестерімізге алғыс айтамын, - дейді ҚФФ Спорт директоры Игорь Утробин. - Жуықта 2017-2018 жылғы турнирдің жарты маусымы өтті. Барлық аймақтар доптармен толық қамтылғаны қуантады. Енді финалдық кезеңді 8-16 мамыр күндері Астанада ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Еліміздің ең мықты командалары «Астана Арена» республикалық стадионында бақ сынауға мүмкіндік алады. Бұл аймақтан, әсіресе, шалғай ауылдардан келетін балалар үшін керемет мереке болады деп сенемін. Тағы бір керемет жаңалықтың бірі – жақын уақытта «Coca-Cola - Былғары доп» турнирі қыздар арасында да ұйымдастырылады. Бұл сұрақ бойынша барлық тараптармен дұрыс шешімге келгеніміз қуантады.

Фото: www.fifa.com