Тартысты өткен тең ойын

Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Белектегі оқу-жаттығу жиыны аясында Түркияның әйелдер араындағы Екінші Лигасында ойнайтын «Антальяспор» (Анталья) командасымен жолдастық кездесу өткізді.

Ойын есебі матчтың 20-шы минутында ашылды. Сәуле Кәрібаева орындаған айып добын дұрыс пайдаланған Әсел Тұрлыбекова гол соқты. Айтпай Жамантаев жаттықтыратын құрама бұл есепті 1-ші таймның соңына дейін сақтап қалды.

Үзілістен кейін түркиялық ұжым есепті бірден теңестірді. Гол авторы – шабуылшы Мэрве Одабашоғлы. Тағы 10 минуттан кейін «Антальяспор» Қазақстан қақпасына пенальтиден гол салуға мүмкіндік алды. Алайда қорғаушы Бахар Гювенчтің тепкен добы қақпа бағанасына тиді.

Дегенмен тек «Антальяспордың» ғана емес, Түркия жастар құрамасының жарқын жұлдызы, шабуылшы Эсра Маньяның арқасында алға шықты. Гол 65-ші минутта соғылды. Бірақ соңына дейін берілмей, қарымта шабуылдар ұйымдастырған Қазақстан құрамасы есепті теңестіре алды. Анастасия Власова алаңда бар шеберлігін көрсетіп, екі ойыншыны алдап, айып алаңына кіріп кетті. Бірақ оны қарсы алған түркиялық қорғаушылар ереже бұзды. Пенальтиді Анастасияның өзі орындап, есепті 2:2-ге жеткізді. Бұл есеп кездесу соғына дейін өзгеріссіз қалды.

- Бірнеше жеңілістен кейін командамыз рух жинап, бар күш-жігерін салып ойнады, - дейді Қазақстан құрамасының капитаны Бегайым Қырғызбаева. – Бәрі беріспей, соңына дейін ойнады. Жас футболшы қыздарымыз да аянып қалмады. Матч алдында бапкеріміз алаңда өзін аямай, бар күшін салып ойнайтындар ғана Ұлттық құрамада қалатынын ескертті. «Антальяспор» сапында тәжірибесі мол, шеберлігі жақсы легионерлер бар екен. Мысалы техникасы да мықты, күші де көп ганалық қыздарды ерекше атап өтуге болады. Оларға да қарсы ойнауға болатынын көрдік. Жалпы матч өте тартысты әрі қызықты өтті.

- Қай жерде жақсы ойнадыңыздар, ал қай кездерде қателіктер болды?

- Біз әзірге допты өз бақылауымызда ойдағыдай ұстай алмаймыз. Пас беруде қателіктер кетіп жатты. Пайда болған мүмкіндіктерді жіберіп аламыз кейде. Осы ойында да көбірек гол соғуға болушы еді, бірақ реті келмей қалды. Ал жақсы жаққа тоқталсақ, біз айып доптарынан жақсы нәтиже шығара алдық. Бірінші гол соның нақты дәлелі. Ол жерде біз жаттығуда дайындаған затымызды жүзеге асыра алдық. Бапкердің айтқанын тыңдап, техника, тактика және ойынды ұйымдастыру тұстарын жақсартуға тырысып жатырмыз. Допты ұстаудағы қателіктерді жөндеу үшін де күш саламыз. Себебі доп бізде болса, қарсылас шабуыл жасай алмайды. Тез шешім қабылдап, ойын жылдамдығын арттыруда жұмыс істеуді жалғастырамыз. Жақында Англия құрамасының қыздарына қарсы ойында олардың пас беруі де, қабылдауы да тез екенін көрдік. Сондықтан әлі үйренетін тұстар бар...

«Антальяспор» (Анталья, Түркия) - Қазақстан - 2:2 (0:1). Әйелдер.

Голдар: Одабашоғлы, 49; Манья, 65; - Тұрлыбекова, 20; Власова 88 (пенальти)

Соғылмаған пенальти: Гювенч 59

13.12.2017. Белек (Түркия). «Kaya Belek».

Қазақстан құрамасының келесі жолдастық кездесуі 16 желтоқсанға жоспарланған. Қарсылас 19 жасқа дейінгі Ресей қыздар құрамасы.