«Футбол сабағы» жобасының маңызы зор

Қазақстан Футбол Федерациясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Футбол сабағы» атты тақырыптық жобаны іске асырып жатыр. Осылайша орта мектептердегі мыңдаған бастауыш сынып оқушысы футболмен танысуда.

ҚФФ мамандары жобаға қатысып жатқан мұғалімдер үшін қазақ және орыс тілінде арнайы әдістемеліктер жасап шығарды. Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің 215 мектебінде футбол сабақтары басталды және олар дене шынықтыру пәнінің әр үшінші сабағында өтеді.

Қазіргі таңда жоба Қазақстанның 8 аймағын, яғни ОҚО, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарын және Астана мен Алматы қалаларын қамтыған. Әр аймақта футбол сабағы орта есеппен 30-ға жуық мектепте өтеді.

Мұғалімдерге берілген әдістемеліктерден басқа, ҚФФ мен ҚР Білім және ғылым министрлігі қатысушылар үшін мастер-класстар мен семинарлар ұйымдастырды. Инструкторлар мен координаторлар ретінде Қазақстан Футбол Федерациясының, аймақтық федерациялардың, мектеп және академия қорларының мамандары, ардагерлер мен ҚР БжҒМ қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының өкілдері атсалысты. Қазірге дейін мастер-класстарға «Ордабасы» (Шымкент), «Ертіс» (Павлодар), «Қайсар» (Қызылорда), «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу» (Талдықорған), «Тараз», «Қайрат» (Алматы) және «Астана» кәсіби футбол клубтары қорларының бапкерлері қатысты. Кезекті бір мастер-класс Астанада өтті. Бұл жолы мамандар мен ардагерлер елордалық №79 мектеп-лицейге барды. Мектепте бастауыш сыныпта 700-ге жуық бала білім алады. Мұнда да басқа мектептерде сияқты футбол сабақтары әр апта сайын өтеді.

- Жобаның басты мақсаты - қазақстандық балалардың денсаулығын нығайту үшін тағы бір жағдай жасау, - дейді ҚФФ Балалар және жасөспірімдер футболы департаменті директорының орынбасары Арсен Іңкәрбеков. - Ал спорттық мақсаттарға тоқталсақ, оның міндеті – селекциялық жұмыс жүргізу. Бапкерлер мектеп жасынан футболға деген бейімі бар балаларды назарға алады. Егер ондай оқушылар табылып жатса, оларды арнайы резерв мектептеріне жіберуге тырысамыз. Футбол тәртіп, ұйымшылдық, бірлік, патриотизм, қайрат сияқты қаситтерді дамытатыны белгілі. Осыған қоса бұл футболдың абыройын асырып, оны насихаттауға септігін тигізеді. Осылайша отандық командалардың матчтарына баратын көрермендер саны артады. Сабақтарға келетін оқушылардың қызығушылығы өте жоғары, олар әр сабаққа зейін салып қатысады. Осыдан кейін олардың көбі не футбол академияларының қатарын толықтырады, не қазақстандық жанкүйерлердің арасынан табылатыны күмәнсіз.

- Біз сабақтарда негізінен дене шынықтырумен айналысатын едік, алайда футбол одан да қызық екен, - дейді Астанадағы №79 мектеп-лицейдің 4 «Б» сынып оқушысы Адина Өтепова. – Маған және басқа балаларға доп эстафетасы, финт жасау мен бізге көрсеткен түрлі әдіс-тәсілдер қатты ұнады. Ал ең қызығы – екі командаға бөлініп ойнау. Футбол клубтарынан келетін бапкерлер бізге бәрін көрсетіп, дұрыстап түсіндіріп, үйретеді. Футбол арқылы тез ойлап, жылдам қозағалуды үйрендік. Бәрі керемет! Қатты ұнайды!