Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев дүниеден озды

Бүгін, 15 желтоқсан күні 76 жасында Қазақ футболының және «Қайрат» футбол клубының аңызы Тимур Сегізбаев өмірден өтті.

Тимур Санжарұлы 1941 жылы Семей өңірінде өмірге келіп, футбол мектебін Алматыда тәмамдаған еді. 1958-1970 жылдар аралығында алматылық «Қайрат» сапында 200-ден астам ойын өткізді. 

Ол алматылық клубтың құрамында керемет ойынымен көзге түсіп, жанкүйерлердің жүрегін жаулап алған болатын. Халық мақтанышына айналған футболшының КСРО чемпионатында соққан голдары ел есінде мәңгі сақталды. Тарих беттеріне жазылған сол ойындардың бірі Мәскеуде өткен еді. Тимур аға сол күні жергілікті «Спартактың» қақпасына қос гол соғып, Қазақ футболының абыройын көкке көтерді. 

Тимур Санжарұлы - КСРО Спорт шебері, ҚазССР және ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы, Мемлекеттік спорт қайраткері, ҚР ҰОК-нің орден иегері.

Қазақстан Футбол Федерациясы, футболшылар мен бапкерлер, ардагерлер мен төрешілер, барлық футбол қауымдастығы Тимур Санжарұлының тума-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады. 

Тимур Сегізбаев есімі Қазақ футболының тарихында мәңгі қалады.