Алматыда қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Алматының «Қайрат» клубының атақты футболшысы, КСРО спрот шебері Тимур Сегізбаев 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Алматыда қазақстандық футболдың даңқты ойыншысы Тимур Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Қазақстан тарихындағы үздік футболшылардың бірімен қоштасуға мыңдаған кішкентай балалар мен жанкүйерлер, футбол ардагерлері мен спорт саласының басшылары келді. Қоштасу рәсімі Алматының «Орталық стадионында» өтті.

Тимур Сегізбаевтың туған-туысқандары мен жақындарына ҚФФ Президенті Сейілда Байшақов пен ҚФФ Бас хатшысы Қуаныш Әубәкіров көңіл айтты. Сейілда Байшақов өз сөзінде Т.Сегізбаевтың қазақстандық футболға қосқан өлшеусіз үлесі туралы айтып, осындай аңыз футболшымыз арқасында мыңдаған қазақ балаларына спортпен айналысып, футболдағы армандарын орындауға үміт сыйлағанын ерекше атап өтті.