Достардың құрметіне арналған дода

Бақытжан Еңсебаев, Әнуар Нысанбаев, Виктор Зубарев, Олег Литвиненко, Нилтон Мендес, Серік Жейлітбаев және Виталий Артемов – олардың ойыны мыңдаған жанкүйердің есінде қалды.

Отандық футболдың дамуына өлшеусіз үлес қосқан осындай дарындарды ұмытпас үшін Алматыда ерекше турнир ұйымдастырылды. Жасыл алаңда карьерасын аяқтаған футболшылар мен қазіргі таңда да доп теуіп жүрген ойыншылар кездесті.

- Меніңше, мұндай турнирлер міндетті түрде өткізіп тұру керек, - дейді ҚФФ баспасөз қызметіне сұхбат берген Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы қорғаушысы Ренат Абдулин. - Отандық футболымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан мұндай азаматтарымызды ұмытпау бізге парыз. Турнирден керемет әсер алдық. Бұрын футбол алаңдарында кездескен достарымды көргеніме қуаныштымын. Жарысқа Самат Смақов, Фархадбек Ирисметов, Әли Әлиев, Игорь Авдеев, Вахид Масудов сияқты танымал футболшыларымыз қатысты. Осындай сайыстар футболды насихаттауға септігін тигізері анық.

- Сіздің командаңыз бірінші орын алды. Жеңіске жеткен құрамды айта аласыз ба?

- Менімен бірге Сергей Куцов, Ұлықбек Асанбаев, Евгений Коструб ойнады. Қақпамызда Виталий Артемовтың досы, жас спортшы тұрды. Біздің команда турнирдегі ең жас ұжым болған сияқты.

- Ең қиын қарсылас кім болды?

- Құрамында Владимир Никитенко, Асқар Қожабергенов, Вахид Масудов, Сергей Волгин болған командамен оңай болған жоқ. Қалғандарын ірі есеппен жеңіп, гол өткізбеген едік. Ал олармен 4:2 есебімен ойнадық. Матч өте тартысты болды. Олар әлі де шебер футболшылар. Кішкене жас болғанда бізді жеңіп кетуші де еді.