Қазақстан құрамасы жылды жеңіспен аяқтады

2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы бірнеше жолдастық кездесу өткізді.

Александр Кузнецов жетекшілік ететін ойыншылар ЦСКА (2:1) және «Алматы» (2:0) командаларын жеңді. Матчтар 16 желтоқсан күні Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» академиясының базасында ұйымдастырылды. Ал 20 желтоқсанда болған соңғы ойында Ұлттық құрама мүшелері «Қайрат» футболшыларын 5:0 есебімен ұтты.

- Ұлттық құрама үміткерлерін жан-жақты зерттеу үшін біз оларды екі топқа бөліп, жолдастық кездесулерде ойнаттық, - дейді футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов. - Қарсыластар мықты. Мысалы, ЦСКА командасы келесі жылы еліміздің Екінші Лигасында ойнамақ. Мен әріптестерім Асхат Қадырқұлов пен Манар Нуфтиев үшін қуанып отырмын. Себебі олар өте жақсы командалар жасақтап, жүйелі ойын қойған.

Әр ойыннан көптеген мәлімет жинай алдық. Ойын тізгінін қолымызда ұстадық және нәтиже де жақсы. Алайда ойын байланысын жақсартып, әр футболшының шеберлігін әлі де шыңдау үшін көп еңбек ету қажет. Әрине, Еуропа алаңдарында жақсы ойнау үшін мұндай кездесулер аздық етеді. Сондықтан ақпан айында шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бірнеше еуропалық командамен кездесеміз деген жоспар бар.

«Қайратпен» болған матчқа тоқталсақ, біз қарсыластан алғашқы минуттан бастап жоғары прессинг күткен едік. Сол себепті бастапқы қысымға шыдау керек еді. Біз олардың біраз күші сарқылатынын білдік. Біздің жоспар жүзеге асып, матчтың 20-минутында қарымта шабуылдан есеп аштық. Уақыт өте келе басымдықты қолға алып, есепті еселей түсіп, кездесуді сенімді жеңіспен аяқтадық.

Селекциялық жиын 22 желтоқсанға дейін жалғасады. Ойыншылардың қателіктерін талдап, өз талаптарымызды жеткіземіз. Жолдастық кездесулер бізге көптеген пайдалы ақпарат берді. Соның нәтижесі ретінде халықаралық матчтарда ойнайтын құраманы жасақтаймыз.

Айта кетейін, Қазақстан жасөспірімдер құрамасына жан-жақты дайындығы үшін барлық жағдайлар жасалды. Тимур Сегізбаев атындағы Академияның алаңында ойнауға мүмкіндік берген «Қайрат» футбол клубына да алғыс айтамыз. Матчтар Тимур Сегізбаевқа арналған бір минуттық үнсіздіктен басталып отырды. Біздің жас футболшылар осындай аңыз ойыншының есімімен аталатын Академияда доп теуіп жүргені де өте маңызды. Тимур Санжарұлы кез-келгеніміз үшін үлгі. Біз оны әрдайым керемет спорт майталманы ретінде еске алып, оның қазақстандық футболға қосқан зор үлесін еш ұмытпаймыз.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19) – ЦСКА – 2:1 (2:1)

Голдар: Владислав Прокопенко, 23; Дінмұхамед Қараман, 29 – Осман Юрданидзе, 5.

Соғылмаған пенальти: Дінмұхамед Қашкен, 21 (Қазақстан U19) - Эмиль Арулаев, 35

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19): Олег Медведев, Дінмұхамед Қашкен, Таир Нұрсейітов, Әлім Ілиясов, Сағи Совет, Жасұлан Қайыркенов, Арман Кеңесов. Дінмұхамед Қараман (Дмитрий Бачек, 46), Руслан Махан, Денис Красноперов, Владислав Прокопенко.

16.12.2017. Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК Академиясы.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19) – «Алматы» – 2:0 (1:0)

Голдар: Нұрбол Нұрберген, 20; Александр Усачев, 71.

Соғылмаған пенальти: Санжар Айтым, 40 (Қазақстан U19)

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19): Вадим Саенко, Бексұлтан Шәмші, Самат Мәжитов, Санжар Айтым, Даниель Мауленов, Никита Лунев (Виктор Грабко, 46), Антон Скворцов (Нұрали Мамирбаев, 46), Нұрбол Нұрберген, Карен Джанунц, Александр Усачев, Иван Сизов.

16.12.2017. Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК Академиясы.

«Қайрат» – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19) – 0:5 (0:2)

Голдар: Арман Кеңесов, 19; Владислав Прокопенко, 34; Карен Джанунц, 59; Нұрбол Нұрберген, 73; Александр Усачев, 77.

Соғылмаған пенальти: Дмитрий Бачек, 65 (Қазақстан U19)

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U19): Вадим Саенко, Дінмұхаммед Қашкен, Санжар Айтым (Бексұлтан Шәмші, 41), Әлім Ильясов, Сағи Совет, Жасұлан Қайыркенов, Арман Кеңесов, Дінмұхаммед Қараман (Александр Усачев, 41), Руслан Махан, Денис Красноперов, Владислав Прокопенко (Иван Сизов, 41).

20.12.2017. Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» ФК Академиясы.