Виктор Лосев: Қазақ жері футбол таланттарына бай

Әлемде есімі футбол ареналарына берілген спортшылар кемде-кем. Сондай ерекше мәртебеге иә болғандардың бірі – КСРО біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының жеңімпазы Виктор Лосев. Қазіргі таңда ол футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бапкерлер штабында жұмыс істейді.

BNews.kz сайтына сұхбат берген Виктор Лосев қазақстандық футболдың болашағы туралы айтып, футболшы кезіндегі «Қайратпен» болған тартысты ойындарды және 1988 жылғы Олимпиада финалындағы жеңісті еске алды.

– Виктор Васильевич, Сіз Қазақстан Ұлттық құрамасында жұмыс істегеніңізге бір жылдай болды. Жергілікті чемпионаттың деңгейін қалай бағалайсыз?

– Бірінші кезекте екі команда дараланып тұр. Ол «Астана» мен «Қайрат». Соңғы жылдары олар жақсы дамып, еуропа алаңдарында да бәсекеге қабілетті болып жүр. Қалған командалар олардан қалып келеді. Егер чемпионатта «Астана» мен «Қайрат» сияқты клубтар көп болғанда, Қазақстан біріншілігі әлдеқайда тартысты болар еді. Қазіргі таңда бұл екі ұжымға қарсы тұрар басқа командалар көрінбейді.

– Бұл жақсы ма, әлде жаман ба?

– Меніңше, бұл жаман әсер етеді. «Астана» мен «Қайраттың» ойыншылары кестенің төменгі бөлігіндегі командаларына қарсы шыққанда мықты екенін біліп тқрады, кейде қатты қарсылық та көрмейді. Сол үшін олар көп күш жұмсамайды. Бұл дұрыс емес. Тек тартысты бәсекелестікте ғана шеберлік шыңдалады. Ал оларда бұл жоқ... Ресейде де осыған ұқсас жағдай болған. Чемпионатта тәп-тәуір доп тебетін команда Еуропа алаңдарында «Манчестер Юнайтед», «Бавария» сияқты клубтарға қарсы мүлдем басқаша ойнап, тіпті дайын емес болады.

– «Астана» мен «Қайратқа» кішкене болса да қарсылық танытып, деңгейіне жақындай алған команда болды ма?

– Бір матчта кез келген клуб жақсы ойнауы мүмкін, бірақ чемпионаттың жолы ұзын – бұл басқа әңгіме. Бұл жерде әр футболшының деңгейі мен командалық ойынның жүйесі маңызды. Сондықтан оларға қарсы тұратындарды көріп тұрған жоқпын. Мысалы «Астананы» алайық, олар қателеспесем, біріншілікте төрт-ақ рет жеңілген, оның өзі екі рет «Қайратқа». Жалпы осы мәліметтің өзінен-ақ бәрі көрініп тұр.

– Андрей Аршавин Қазақстанда екінші маусым доп теуіп жүр. Ол «Қайратта» өзгеше ойнай бастады ма?

– Мұндай футболшылар чемпионаттың көркі екені анық. Кейбіреуі оның дәуірі өтті деп айтуы мүмкін. Бірақ ол әлі де жоғары деңгейде ойнай алатынын көрдік. «Қайрат» командасының ойыны жүрмей жатқан кезде, Андрейдің матчтарды алып шыққан кездері болды. Ең бастысы – Аршавин деңгейіндегі футболшымен қатар ойаған жастар үшін бұл керемет тәжірибе. Меніңше, Аршавинмен келісімшартты ұзартқан «Қайрат» дұрыс істеді. Ол командаға әлі талай пайда әкеледі.

– Егер Аршавин Ресей чемпионатына қайта оралса, бұрынғы деңгейде ойнай алушы ма еді?

– Ресейде Аршавин туралы жаман жағдай қалыптасты. Әрбір істеген қатесі, әрбір сөзі әртұрлі бағаланды. Сондықтан оның Қазақстанға кетуі жақсы әрі дұрыс болды. «Қазақстанда футбол ойнау өте ұнайды» деп Андрейдің өзі айтқан.

– Көп үзілістен кейін Қазақстанға қайта оралған кейін қандай сізімде болдыңыз?

– Мүлдем басқа ел. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанға 2005 жылы алғаш рет келдім. Астанадағы ардагерлер арасындағы турнирге қатыстым. Сол кездің өзінде мемлекеттің қалай өзгеріп кеткенін көрдім. Ал бірнеше жылдардан кейін бапкер ретінде Қазақстанға қайта келгенімде мүлдем таңдандым. Қазақстан қарқынды дамып келеді.

Бұл туралы басқалары да айтады. Жақында Астанаға атақты футболшы Александр Уваров келіп кеткен еді. Ол қазір Израильдің «Маккиби» клубында қақпашылар бапкерлі болып жұмыс істейді. Олар Еуропа Лигасы аясында «Астанамен» кездесті. Ол Астананың көркем сұлулығына таңғалғанын айтты.

– Сіз ойыншы ретінде КСРО чемпионатында Алматының «Қайратына» қарсы талай рет ойнадыңыз. Сол кездерді еске түсіре аласыз ба?

–  Алматыдан ұпай еншілеп кету қиынның қиыны еді. Мен «Қайратпен» Мәскеудің «Динамосында» ойнаған кезде кездестім. Ол кезде «Қайратта» Евстафий Пехлеваниди, Сергей Волгин, Сергей Стукашев сияқты керемет ойыншылар доп тепті. Қателеспесем, біз «Қайратты» тек Мәскеуде жеңдік. Алматыда көбінесе тең ойнадық. Барлығы «Қайрат» мықты екенін білетін. Олардың өзінің ерекше ойнау мәнері болды.

– Алматыдағы матчар несімен есте қалды?

– Біраз ыстық еді. Ортатаулық жағдайда ойнау біртүрлі еді. Жергілікті тағамдардан дәм тату өте қызықты болды.

– Келесі жылы КСРО құрамасының Сеул Олимпиадасындағы жеңісіне 30 жыл толады. Сол турнирді еске алсаңыз. Команда қалай ойнады?

– Біріншіден, командағы кілең мықтылар жиналды. Әр позицияға үш кейде төрт те үміткер болды. Ұлттық құрама сапында ойнау оңайға соқпады. Соңында жақсы команда жасақталды. Қорғаныс болсын, шабуыл болсын әр линияда өзінің мықтылары болды. Команда 1982 жылдан бастап ойнады. Екі жыл ішінде бірде-бір рет ұтылған жоқ. Командада жеңімпаздар рухы болған еді.

– Финалда Бразилиямен болған ойын өте тартысты өтті...

– Иә, ол Бразилия құрамасында Ромарио, Клаудио Таффарел, Мюллер сияқты жұлдыздар доп тепті. Оларға қарсы финалда ойнау біздің рухымызды асырып, күш-жігер берді. Сондықтан соңғы жекпе-жекке шыққандай ойнадық. Барлығы жақсы аяқталды.

– Батыстағы әріптестеріңіз футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы жүрекпен ойнайды деп айтады. Бұл туралы не айта аласыз?

– Бұл дұрыс тұжырым. Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк психологияға көп көңіл бөледі. Алаңға күш-жігеріңді қайрап, сенімді шығу керек. Өз өзімізге сенсек Польша, Дания және басқа еуропалық командаларды ұта аламыз. Қайталап айтайын, қазақ жері футбол талаттарына өте бай. Тек кейбір тұстарын түзетсе болғаны.

– «Астана» футболшыларын мысалға ала отырсақ, Еуропа алаңдарында шыңдалған ойыншылар Ұлттық құрамада жақсы ойнайды деп айта аласыз ба?

– Бұл жерде «Астананың» проблемалық позицияларында легионерлер ойнайтынын ескерейік. Сол жерлерде, әсіресе, шабуылда отандық ойыншылар доп тепсе керемет болар еді.

– Қазақстандық футболшылар бірінші кезекте қай бағытта жұмыс істеу керек?

– Ең көбі тактиканы жақсарту қажет. Футболшылар допты жоғалтып алғаннан кейін, ойын барысындағы позициялық шабуылдарда қателіктер жібереді. Осы элементтерде проблемалар бар. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ойыншылар талаптарды түсініп, ойынды қалыпқа түсіру үшін уақыт керек.

– Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек 2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы соңғы матчтарда, яғни Румыния мен Армения қақпасына екі гол соқты. Өткен маусымда ол «Қайраттың» екінші командасында Бірінші Лигада ойнады. Қызық сияқты?

– Бұл футболшы мен клуб арасындағы қарым-қатынасқа байланысты сияқты. Маған оны жастар құрамасына неліктен жібергені белгісіз. Ол Ұлттық құрамада ойнауға мүмкіндік алды, сондықтан оған сенім білдірдік. Біз оның жиында еңбек етіп, дайындалғанын көрдік. Бауыржан алаңға шығып, шабуылшы істеу керек нәрсені мүлтіксіз орындады, яғни мүмкіндікті жібермеу. Ал оның Бірінші Лигада ойнау спортпен байланысы болмауы мүмкін. Ондай жағдай әр футболшыда болады. Егер бапкер оны негізгі құрамға қоймаса, уақыт жоғалтудың керегі жоқ. Меніңше, жаңа команда тауып ойнап, тәжірибе жинай беру қажет.

– Өткен маусымда Магомед Парагульгов, Юрий Перцух, Бахтияр Зайнутдинов, Айбол Әбікен сияқты жас футболшылар жарқ етті. Оларды қалай бағалайсыз?

– Бұл жігіттердің барлығын бақылып отырмыз. Олармен Ұлттық құраманың соңғы оқу-жаттығу жиынында таныстық. Жаттығуда да, алаңда да сынап көрдік. Олар туралы жақсы пікірдеміз. Қазірдің өзінде Ұлттық құрамаға сұранып, дамығы келетін ойыншылардың бары қуантады. Ең бастысы, әрқайсысы бар күшін салып еңбек етуге дайын.

– Қазақстанда жұмыс істеуге неге келістіңіз? Жанкүйерлер тарапынан көптеген сын айтылатынын білдіңіз ғой.

– Қазақстан Ұлттық құрамасында жұмыс істеуге Александр Бородюк ұсыныс жасады. Біз Александр Генриховичпен баяғыдан таныспыз. Бірге КСРО құрамасында және «Динамо» командасында доп тептік. Кейін Ресей жастар құрамасында бірге істедік. Сол үшін келістім. Оңай болмайтынын түсіндім. Мен үшін бұл сынақ. Біріншіден, Ұлттық құраманың бапкерлік штабында жұмыс істеу үлкен абырой. Еш қиындыққа қарамастан, жаңа шыңдарды бағындыруға тапжылмай еңбек ету керек. Бұл бапкердің жолы.

– 2017 жылы сіздің туған Муром қаласындағы футбол стадионына сіздің есіміңіз берілді. Бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Шыны керек, Муром қаласының басшысы маған осындай ұсыныспен хабарласқанда қатты таңғалдым. Мен үшін бұл зор мақтаныш. Қалада сауалнама жүргізіліп, осы идея қолдау тапқан. Қала тарихында алғаш рет жергілікті клуб пайда болып, қазір Екінші Лигада ойнап жүр. Стадион керемет. Естен шығармағаны қуантады.

– Қазақстандық футболдың даму жолы қалайша болмақ?

– Басты бағыт дұрыс – өз таланттарымызды шығару. Қазақстанда футбол академиялары салынып, жасөспірімдер үшін футбол орталықтары жұмыс істеп жатыр. Қазақстан спорт тұрғысынан келгенде жақсы дамыған. Инфрақұралым дамып, ойыншылар шеберлігі шыңдалу үшін уақыт керек екені түсінікті. Алайда ең маңыздысы – мақсат айқын, даму жолы нақты.

– Сұхбат үшін рахмет.

Дереккөз: www.bnews.kz