Азамат Айтқожин футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы туралы мәлімдеме жасады

Қазақстан Футбол Федерациясы Бас хатшысының міндетін атқарушы Азамат Айтқожин Ұлттық құраманың футболшылары туралы мәлімдеме жасады.

Мен еліміздің бас командасы 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында бар күш-жігерін салып ойнап, мінез көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Өткен ойындар оңайға соқпады. Алайда жігіттер әр матчта Қазақстан үшін барын салып ойнады. Кей кездері командамыз керемет ойын өрнегін көрсетіп, мыңдаған жанкүйердің ықыласына бөленді.

Дегенмен қазіргі кезде командамыз іріктеу кезеңінде көрсеткен нәтижелеріне дұрыс қарауымыз керек. Біз алға жылжып, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет! Ол үшін аянбай еңбек етіп, кәсіби тұрғыда шыңдалып, жан-жақты дайындалу керек. Егер біз істеп жатқан ісімізге дұрыс қарасақ, іріктеу кезеңіндегі қарсыластарымыз сияқты футбол көрсете аламыз.

Премьер-Лига клубтары арасындағы Қазақстан Чемпионатының жүйесі жақсы жағынан танылды. Ол клубтардың жұмысы үшін өте қолайлы. Бұл жүйе ел біріншілігінде бәсекелестікті арттырады, ал бәсекелестік бар жерде отандық ойыншылардың шеберлігі шыңдалады. Ішкі чемпионат мықты болған сайын командаларымыз Еуропа алаңдарында сәтті доп теуіп, ойыншылар мол тәжірибе жинауда. Жоғары деңгейдегі мықты чемпионат қана Қазақстан Ұлттық құрамасына сәтті нәтижелер әкеледі деген сенімдемін.

Мен қазақстандық футболдың ардагерлеріне тек сөзбен ғана емес, іспен де көмектесіп, кеңес беріп жатқанына алғыс айтамын. Біздің ақсақалдар Ұлттық құраманың сәтсіздіктерін қатты уайымдап, Қазақстан құрамасы керемет ойын көрсеткенін қалайтын нағыз тіліктес. 

Ұлттық құрама үшін бұрынғыдай барлық жағдай жасалатынын айтқым келеді. Егер ойыншы Ұлттық құрама сапында жарақат алып қалса, оның еміне кететін барлық шығынды Қазақстан Футбол Федерациясы өз мойнына алады. Футболшыларды алаңдағы ойыннан басқа ештеңе мазаламау керек.

Біз ойыншылардың футболшы ретінде ғұмыры ұзақ емес екенін білеміз. Сондықтан олар күнделікті атқарып жатқан еңбегін бағалаймыз. Ұлттық құрамаға әрдайым керемет көңіл-күймен әрі күш-жігерді қайрап келу керек. Себебі ол ойындарды бүкіл Қазақстан тамашалайды!

Ұлттық құрама сапына жас та, тәжірибелі ойыншылар да іліге алады. Барлығына есік ашық. Футболшылар Қазақстан абыройы үшін алаңда аянбай тер төгуі қажет. Тек сондай жағдайда ғана жақсы нәтижелер көрсетуге болады! Біз мақсат етіп қойған биік шыңдарға бірге жете аламыз!

Жаңа жылда керемет ойын көрсетіп, жарақаттан ада болып, көптеген жеңіс тілеймін!

P.S. Кеше кешке Азамат Айтқожин Ұлан Қонысбаевқа телефон соғып, сөйлесті.