Азамат Айтқожин жұмыс жиынын өткізді

Бүгін Қазақстан Футбол Федерациясы Бас хатшысының міндетін атқарушы Азамат Айтқожин жиын барысында 8 қаңтар күні 2017 жылды қорытындылайтын Жаттықтырушылар кеңесі өтетіні туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар, Азамат Айтқожин футбол орталықтары туралы өте өзекті мәселені көтерді. Ол балалар жаттықтырушыларының кәсіби деңгейін тексертіп алуды айтты. Бас хатшының міндетін атқарушының сөзінше, балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырып жатқан бапкерлердің білімі мен кәсіби шеберлігін тексеру өте маңызды. Себебі дәл осы мамандар еліміздің құрама командаларына резерв дайындаумен айналысады.

Азамат Айтқожин біліктілігі төмен бапкерлердің мәселесін 25-27 жасқа жеткен қазақстандық футболшыларға білім беру арқылы шешуді ұсынды. Егер үміткерлер сынақтан өтсе, оларға «А» дәрежесіндегі бапкерлік санат берілуі керек. Оқытуды футболшылар ойнайтын клубтар өз мойнына алу қажет.

Жиын барысында ҚФФ Техникалық орталығына PRO санатындағы барлық бапкерлер туралы ақпаратты облыстық әкімдіктерге беру туралы тапсырма берілді. Жақын арада Қазақстан Футбол Федерациясы білікті отандық бапкерлер кәсіби командаларда жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасамақ.

Сонымен қатар, Азамат Айтқожин елордамызда салынып жатқан «Футбол Үйі» нысанында болып қайтты. Ол құрылыс барысымен танысып, жиын өткізді. Оның сөзінше, бұл нысанды уақытылы тапсыру өте маңызды.