Дмитрий Шомко: «Жанкүйерлерді әрдайым жеңіспен қуантқымыз келеді...»

Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Астана» клубының қорғаушысы Дмитрий Шомко ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында жылды қорытындылап, келесі маусым туралы ойымен бөлісті.

- Мен үшін маусым сәтті болды. «Астана» клубының басшылығы мен бапкерлік штабы алдымызға қойған барлық мақсатқа қол жеткіздік. Біз, тіпті, жоспарды асыра орындадық десе де болады. Ұлттық құрамаға тоқталсақ, бұл соңғы жылдар ішіндегі ең сәтсіз маусымдардың бірі болған сияқты. Оңай ойындар болмайды. Бірінші кезекте, жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантуға тырысасың. Алайда ол кейде қолдан келмей қалады.

- Келесі маусымға қандай мақсаттар қойдыңыз?

- Ең бастысы – Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өту. Кейін нәтижелерге байланысты жоспарларымызды көре жатармыз. Егер барлық мақсаттарға қол жеткізсек, онда бұл басшылықтың, бапкерлік штабтың және ойыншылардың керемет жұмысының нәтижесі болар еді.

- «Астана» Қазақстан футбол тарихында алғаш рет Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Португалияның «Спортинг» атауы қазақстандық жанкүйерлерге етене таныс. «Қайрат» футзал командасы «Спортингпен» бірнеше рет сынға түссе, ел чемпионы «БИІК-Қазығұрт» әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасында «Спортинг» командасын жеңген. Лиссабон намысын қорғайтын клубтан не күтесіз?

- Келесі кезеңге шыққымыз келеді. Анығы, біз соңына дейін күресеміз. Ар жағын көре жатармыз. Әрине, «Спортинг» - мықты команда. Себебі Еуропа Лигасының 1/16 кезеңінде әлсіз клуб болмайды. Барлығы екі кездесуде шешіледі. Біз қаңтарда жиналамыз. Кейін маусымға дайындық басталады. Сол жерде қарсыласымыздың ойынын жан-жақты зерттейміз.

- Жаңа жылда Ұлттық құрама УЕФА Ұлттар Лигасында ойнайтын болады. Қазақстан «D» дивизионында доп тебеді. 24 қаңтарда турнирдің жеребесі тартылып, қарсыластар белгілі болады. Жаңа турнирде Қазақстан құрамасында топтан шығуға мүмкіндігі бар ма?

- Ұлттар Лигасында командалар деңгейлес. Сондықтан барлығымен тең ойнай аламыз. Барлық кездесуде жеңіске жетуге тырысамыз. Бұл турнир командаға жақсы әсер етеді. Барлығы біз ойлағандай болсын!

- Жаңа жылда жанкүйерлерге не тілейсіз?

- Барлық қазақстандықтарды Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға амандық, бақыт тілеймін. Жанкүйерлерге кішкене шыдамдылық танытып, Ұлттық құрамаға да, «Астанаға» да қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Ең бастысы – бізден ешқашан кері айналып кетпеңіздер.