Азамат Айтқожин: «Сенсация жасайтын сәт келді деп санаймын»

Қазақстан – Испания матчы 8 ақпаннан 9 ақпанға қараған түні өтеді.

Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин 2018 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалының алдында футзалдан Қазақстан құрамасына сәттілік тіледі.

- Бүгін біздің құрама мен Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы Испания құрамасы арасында өте қызықты ойын өтеді, - дейді Азамат Серікұлы. – Екі құраманың өзара өткізген ойындарының статистикасы біздің жағымызда емес. Алайда, әлдебір кездесуде жеңіске жетуге болады. Осы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жүйелі ойын көрсетті. Алаңдағы әр футболшы өз орнын біледі. Біздің жігіттердің маңызды кездесуге деген көңіл-күйін жақсы түсінемін. Екі жыл бұрын құрлықтық біріншілікте кеткен есені қайтаруды қалаймыз. Қазақстан құрамасы ойыншылар мен жаттықтырушылардың ұзақ жылдар бойы жасаған еңбегінің арқасында жасақталды. Дәл қазір нағыз сенсация жасайтын сәт келді деп санаймын. Бүгін барлық Қазақстан біздің командаға қолдау көрсететініне сенімдімін. Алға, Қазақ елі!

Қазақстан мен Испания арасындағы кездесу 8 ақпаннан 9 ақпанға қараған түні өтеді. Алғашқы жартылай финалдың ойынын «Хабар» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.